«Алтыналмас» компаниясына тиесілі «Ақбақай» тау-кен байыту кешеніндегі жазатайым оқиғадан қаза тапқан жұмысшының денесі 5 күннен соң табылды. Бұл туралы компания баспасөз қызметі хабарлады.
Слесарь Нұрдәулет Нұрмаханов жерасты жұмыстары кезінде үйінді астында қалып қойған.
«18 қыркүйекте «Ақбақай» жерасты тау-кен жұмыстары учаскесінде болған жазатайым оқиға салдарынан әріптесіміз, күтім жасау және жөндеу слесарі Нұрдәулет Жексенұлы Нұрмаханов кенеттен қайтыс болды», – делінген компания хабарламасында.
Нұрдәулет Жексенұлы «Ақбақай» тау-кен байыту кешенінде 2012 жылдан бері жұмыс істеп келген. 2017 жылы жабдыққа техникалық күтім жасау және жөндеу слесарі болып тағайындалған.
Сонымен қатар «Алтыналмас АК» АҚ оқиғадан кейін бірден жұмыс тобы құрылғанын хабарлайды. Арнайы комиссия жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себебін анықтамақ.
18 қыркүйекте «Алтыналмас» компаниясының Жамбыл облысындағы тау-кен байыту кешенінде тау жынысы жылжып, бір жұмысшы үйінді астында қалып қойғаны хабарланған. Құтқару-ізестіру жұмысы 5 күн жүріп, үйінді қалған азаматттың денесі шығарылған.
«Алтыналмас» компаниясы – Қазақстанда ең ірі алтын өндіруші компаниялардың бірі. Қазақстан қор биржасындағы 12 шілдедегі мәлімет бойынша, компанияның 75% акциясы Gouden Reserves-ке тиесілі болса, 25%-ын Владимир Жұманбаев иеленеді.
Қазақстан бойынша 26 кен орнын игеріп жатқан алып компания «Доре» құймаларындағы алтын өндіреді.