Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Құлсары қаласын тасқын су басуы 100 пайыз табиғи апат деп тұжырымдайды. Қазір осы апат салдары толық жойылған.
Үкімет отырысынан кейінгі брифингте журналистер Құлсары қаласы тұрғындарының көңілі жайланды ма, қаланы су басуына бөгетті қолдан жару себеп болған деген қаншалықты дәлелді, келесі жылы қаланы тағы су баспай ма деп сұрады.
«Кішкентай бөгет Жем өзенін ұстай алмайды. Бөгеттің жарылуы қаланы су басуына негізгі себеп болды деп айта алмаймыз. Мұғалжар жақтан келген суды бақылау керек еді. Сол суды бақыласа, бір айдың ішінде керек дамбыларды салып, қаланы қорғауға болар еді. Бірақ оған үлгермеді. Құлсары қаласын су басуы – қолдан жасалмаған, 100 пайыз табиғи апат», – деді Бозымбаев.
Вице-премьер Құлсары қаласында су тасқынының салдары толық жойылғанын айтады. Су тасқынан зардап шеккен тұрғындардың үйлеріне тиісті жөндеу жұмысы жүргізіліп, тұруға жарамай қалғандарына жаңа баспана салынып және сатып алынған.
Құлсары қаласын тасқын су сәуірде басты. Қаланың басым бөлігін қарғын су қиратып кетті. Жалпы Жылыой ауданында 2 920 үйді су басқан. Құлсары қаласының тұрғындары баспаналары үшін берілетін өтемақы көлеміне келіспей, наразылыққа шыққан. Тұрғындар шаршы метріне 400 мың теңгеден төленсін және ақша қолға берілсін деп талап қойды.
Бейбіт наразылыққа шыққан құлсарылықтар 7 күннен соң тарады. Жергілікті билік олардың Үкімет ұсынған өтемақы көлемімен келіскенін мәлімдеді.