KAZ Minerals кен өңдеуді арттырғанымен, мыс өндірісін 4%-ға қысқартты
Миллардерлер Владимир Ким және Олег Новачукқа тиесілі KAZ Minerals Тобы 2024 жылдың 6 айында 191 мың тонна мыс өндірген. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4% аз. Оған кендегі металл мөлшерінің төмендеуі себеп болған. Бұл туралы компанияның жарты жылдық өндірістік есебінде жазылған.
KAZ Minerals 6 айда 47,5 млн тонна кен өңдеген. Бұл былтырғы 44,5 млн тонна көрсеткіштен 7% артық. Есесіне күміс пен мырыш өндірісі 5% және 6% азайған.
«Өйткені Шығыс өңір мен Бозымшақта кен өндіру металл мөлшері төмен учаскелерде жүргізілді. Ашық карьердегі жұмыстар тоқтап, жаңа жерасты кенішінің қуаттылығын артырып жатқан Бозымшақта өндірістің бәсеңдеуіне байланысты алтын өндірісі 3% азайды», – делінген компания есебінде.
Топтың негізгі өндірістік кәсіпорындары – Ақтоғай мен Бозшакөл. Биыл Ақтоғайда 42 млн тонна кен, 114 мың тонна мыс өндірілген. Өндірілген кен 2023 жылмен салыстырғанда біршама көп болғанымен, алынған мыс 10%-ға азайған. Бұған өңделген кендегі мыс мөлшерінің төмендеуі себеп.
Ал Бозшакөлден 53,4 мың тонна мыс алынған. Осы кен орнынан 55,3 мың унцияның алтыны өндірілген. Күміс өндірісі 15% артып, кендегі металл мөлшерінің жоғары болуына байланысты 466 мың унцияға жетті.
Шығыс өңір мен Бозымшақта жыл басынан бері 1,6 млн тонна кен өндірілген. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 34% артық.
«2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Бозымшақта жерасты кенішін дамыту үшін аршу жұмыстары жүргізілді, 2024 жылдың бірінші жартысында ол жоспарлы қуатына жетті», – делінген компания хабарламасында.
Аталмыш кен орнынан алынған алтын мен мыс, мырыш та азайған.
КAZ Minerals Limited – тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған мыс өндіруші компания. Топ Абай облысында орналасқан Ақтоғай мыс кенішінде, Орлов кеніші мен фабрикасында және Павлодар облысындағы Бозшакөл кенішінде, Шығыс Қазақстан облысындағы екі кеніш пен кен байыту фабрикасында, Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде бағалы металдар өндіреді.
Ірі акционерлері – әлемдегі ең бай адамдар тізіміндегі Владимир Ким және Олег Новачук. KAZ Minerals акцияларының 63,5%-на иелік ететін Владимир Ким – 3,6 млрд доллар байлығымен Forbes тізімінде көш басында тұрған кәсіпкерлердің бірі. Ал акциялардың 36,5%-на иелік ететін Олег Новачуктың байлығы 265 млн долларды құрайды.