«Ең қаралы күн». Израильдің «Хезболла» ұйымының нысандарына жасаған соққысынан 500-ге тарта адам қаза тапты
23 қыркүйек, дүйсенбі күні, Израиль «Хезболла» ұйымының Ливандағы нысандарына жасаған әуе шабуылынан 492 адам қаза тауып, мыңдаған адам босып кетті. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасай отырып, Reuters басылымы жазады.
«Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 492 адам қаза тапқан. Олардың арасында 35 бала бар, 1645 адам жарақат алды. Ведомство бұл Ливандағы 1975-1990 жылдардағы азаматтық соғыстан кейінгі ең қанды, қаралы күн екенін атап өтті», – дейді басылым.
Ливанның дағдарысқа қарсы министрі Насер Ясин 26 мың адам қабылдай алатын 89 уақытша паналау орталығы құрылғанын айтты.
Израиль әскері «Хезболланың» Ливанның оңтүстігінде, шығысында және солтүстігіндегі нысандарына соққы жасаған. Олар ұйымның әскери инфрақұрылысын жоюды көздеген.
«Хезболла» ұйымының 20 жыл бойы салған әскери инфрақұрылымын қиратып жатырмыз. Бұл – өте маңызды. Біз нақты нысанаға соққы беріп, келесі кезеңдерге дайындық. Сайып келгенде, мұның бәрі Израиль тұрғындарының үйіне қайтуына жағдай жасауға бағытталған», – деді ЦАХАЛ штабының басшысы Герци Халеви.
Өз кезегінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ливан халқына видео үндеу жазып, адамдарды қақтығыс аймағынан кетуге шақырды. Зымыран шабуылдарынан кейін ондаған мың тұрғын Ливанның оңтүстігінен асығыс эвакуациялана бастады.
17-18 қыркүйек күндері Ливанда «Хезболла» мүшелеріне тиесілі пейджерлер мен рация құрылғылары жарылды. Қазіргі уақытта Ливандағы ахуал ушығып тұр. Израиль әскерилері «Хезболланың» 800 нысанын соққыға алған.