Банк пен қаржы

ҚНРД тағы бір кредиттік ұйымды лицензиясынан айырды

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Алтын дала» кредиттік серіктестігі микроқаржылық қызмет жүргізуге берілген лицензиясынан айырылды. Оған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талаптарын жүйелі түрде бұзуы себеп болған.

«Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 2- тармағының 3) тармақшасына сәйкес уәкілетті органның жазбаша нұсқамаларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамауы лицензиядан айыру үшін негіздеме болды», – делінген ҚНРДА хабарламасында.

Енді серіктестік 30 күн ішінде қайта құрылымдаудан өтіп, атауынан «кредиттік серіктестік» деген сөзді алып тастауы шарт. Болмаса жұмысын тоқтатады. Ал компания клиенттері алған несиелерін өтеуге міндетті.

Сарқан қаласында тіркелген серіктестіктің 49 құрылтайшысы бар. Жалпы актив көлемі – 15,6 млн теңге.

Бұған дейін агенттік Қарағандыдағы «Микрокредит KZ» микроқаржы ұйымын лицензиясынан айырған болатын. ҚНРДА 2024 жылдың басынан бері алты микроқаржы ұйымының лицензиясының күшін жойды.