Қазақстандағы қос ипотекалық ұйым 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында 26,8 млрд теңге таза пайда тапқан. Ұлттық банк мәліметінше, ипотекалық компаниялардың таза пайдасы бір айдың ішінде 46% өсіп, 18,3 млрд теңгеден 26,8 млрд теңгеге жеткен.
Қазақстанда екі ипотекалық ұйым тіркелген: «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ мен «Экспресс Финанс» Ипотекалық ұйымы» АҚ. 27 млрд теңгеге жетеғабыл таза пайданың 26,4 млрд теңгесі – «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясына» тиесілі. Ал «Экспресс Финанс» ұйымы жыл басынан бері 402 млн теңге пайда тапқан.
1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының» активтері 1,6 трлн теңгеге жетті. Ал міндеттемелері 1,3 трлн теңгені құрайды. Меншікті капиталы – 243 млрд теңге. Компанияның несие портфелі кейінгі айда азайған. Тамыздың басында 523,8 млрд теңгені құраған несие портфелі 1 қыркүйекте 479,5 млрд теңге болған.
«Экспресс Финанстың» активі де, міндеттемелері мен несие портфелі де шағын. Компания балансында 2 млрд теңгедей актив, 223 млн теңге міндеттемесі бар. Несие портфелі 174 млн теңгені құрайды.
«Қазақстан Ипотекалық Компаниясы «Ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы» 2000 жылы құрылған. Оған тұрғын үй құрылысын ұзақмерзімді қаржыландыру және ипотекалық кредиттеуді дамыту міндеті жүктелді. 2020 жылы «Қазақстан Ипотекалық Компаниясына» «Бәйтерек девелопмент» АҚ және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ қосылып, компания атауы өзгерді. 2021 жылдан бері «Қазақстандық Тұрғын үй Компаниясы» АҚ деп аталады. Жалғыз акционері – «Бәйтерек» холдингі.
«Эскпресс Финанс» 2014 жылы банктік операциялар жүргізуге лицензия алған. 2022 жылғы аудиторлық есебіне сәйкес (сайтында одан жаңасы жоқ), компанияның жалғыз акционері – Сыздықова Юлия. Басқарма төрағасы Сәбденов Санжар деп көрсетілген.