Жаңалықтар

«Қаржы үнемделіп, экология жақсарды»: министр қарғын судың мемлекетке қандай пайда әкелгенін айтты

Астана су қоймасын тасқын сумен толтыру 2 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдеді / ҚР Президентінің баспасөз қызметі, бильд-редактор: Артур Алескеров

Көктемгі су тасқынының жағымсыз салдары ғана емес, пайдалы тұсы да болды. Қар суының арқасында қоймалар суға толып, кейбір аймақтың экологиясына да оң әсерін тигізген. Нәтижесінде бюджеттің 2 млрд теңгеден астам қаражаты үнемделді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкіметтегі жиында осындай мәлімет келтірді.

Министрдің айтуынша, тасқын әсерінен су қоймаларына 12 млрд текше метрден астам су жиналған.

«Мысалы, өткен жылы бүкіл су тасқыны кезеңінде су қоймаларынан жалпы су ағызу шамамен 13 млрд текше метрді құраса, биылғы жылы бір айда 36 млрд текше метрден астамды құрады. Бұл ағымдағы су тасқынының ауқымдылығын көрсетеді», – деді Нұржігітов.

Ведомство басшысы қар суы соңғы жылдары су тапшылығына ұшыраған объектілерге жіберілгенін атап өтті. Министр табиғи апаттың оң әсері бюджет қаржысын үнемдеуге және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік бергенін де айтады.

«Мысалы, Қ. Сәтбаев атындағы канал арқылы сумен толтырылатын Астана су қоймасын тасқын сулармен толтыру 2 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ тасқын су көптен бері су келмеген жерлерге бағытталып, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді», – деп мәлімдеді министр.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр тасқын су жіберілген. Ал Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн текше метр су бағытталған.

«Тарихта алғаш рет Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көл жүйелеріне су жеткізілді. Жыл басынан бері Балқаш көліне 12 млрд текше метр су, оның ішінде су тасқыны кезінде 3,3 млрд текше метр, Каспий теңізіне – 7,4 млрд текше метр су жіберілді«,– деді министр Үкімет отырысында.

Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов жақында Ресеймен трансшекаралық су ағындары бойынша бірыңғай жұмыс тобын құру туралы келісім болғанын мәлім етті.  

Айта кетейік, Қазақстанда көктемде болған су тасқынының шығындары әлі де есептеліп жатыр. Қазірдің өзінде 300 млрд теңге деп есептелген.