Жаңалықтар

Қуандық Бишімбаевқа түрмеде жұмыс табылмаған

Қуандық Бишімбаевқа түрмеде жұмыс табылмаған / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Азаматтық некедегі жарын өлтірді деп айыпталған, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа түрмеде жұмыс табылмаған. Бұл туралы ақпаратты Қылмыстық атқару жүйесі растады.

ҚАЖ ақпаратына сүйенсек, түрмеде бос жұмыс орны болмағандықтан, экс-министр жұмыс істеуге мүмкіндік ала алмаған.

«Бос жұмыс орындарының болмауына байланысты Қуандық Бишімбаев жұмысқа орналаспады. Сотталған адамның күн тәртібі ҚАЖ мекемелерінің ішкі тәртіп ережелерінің және қолданыстағы Қылмыстық-атқару заңнамасының талаптарына сәйкес сақталады», – делінген ведомствоның CMN басылымына берген жауабында.

Мамыр айында Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты. Экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («қинау») бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 432-бабында қарастырылған айыпқа сәйкес кінәлі деп танылды. Ол төрт жыл бойы қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде жазасын өтейді.

Одан кейін Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың шағымы апелляциялық сотқа келіп түсті. 26 маусымда Астанада Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі апелляция сатысында қаралды. Апелляциялық сот бірінші инстанцияда шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. 

Еске салсақ, Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевты тағы да сотқа берді. Бұл жолы материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы талап қойылған.