Қазақстанда көктемде болған су тасқынының шығындары әлі де есептеліп жатыр. Қазірдің өзінде 300 млрд теңге деп есептелген. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.
Вице-премьердің айтуынша, қазірдің өзінде шығынның есебі 300 млрд теңгені құраған. Дегенмен бұл нақты шығын сомасы емес. Бозымбаев әлі салынып жатқан жолдар, құбырлар мен бөгеттердің сомасы нақты есептелмегенін айтады.
«Жөндеу жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатқандықтан, нақты шығынды қазір есептеп айту қиын. Қазірдің өзінде 300 млрд теңгеден көп. Жыл соңына дейін нақты соманы шығарып жария етеміз. Бәрі ашық түрде жарияланады», – деді вице-премьер.
Бозымбаевтың айтуынша, шығынды өтеуге кәсіпкерлерден 260 млрд теңге жиналған. Оған негізінен тұрғын үйлер салынып жатыр. Бұдан бөлек, аумақтардағы инфрақұрылымды қалпына келтіруге бюджеттен 137 млрд теңге бөлінген.
Маусымда Бозымбаев су тасқыны болған өңірлерде инфрақұрылымға келтірілген шығын көлемі 53 млрд теңгеге жеткенін, әлі де өсе беретінін айтқан еді.
Қазақстан Үкіметі су тасқыны салдарын жоюға миллиардтаған қаржы аударған елдер, компаниялар мен кәсіпкерлердің тізімін жариялады. Тізімде екі елдің қолдау көрсеткені туралы жазған. БАӘ-нің Қазақстандағы елшілігі (0,88 млрд теңге) мен Сербия үкіметі (0,47 млрд теңге) аударған.