Жаңалықтар

Өткен 8 айда қазақстандықтардың зейнетақы активтері 3 трлн теңгеге немесе 17% өсті

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының шоттарындағы зейнетақы активтері 20,9 трлн теңгеден асты. Жыл басынан бергі 8 ай ішінде 3 трлн теңгеге немесе 17% өсті. БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының жылдық өсімі – 4,1 трлн теңгені құрады деп хабарлады.

Қордың хабарлауынша, жинақтардың 96,25%-ы міндетті зейнетақы жарналары. 1 қыркүйекте оның көлемі шамамен 20,1 трлн теңге болды. Бір жылдық өлшеммен алғанда 23,9%, жыл басынан бері – 16,3% өскен.

Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары – 627 млрд теңгені құрап, бір жылдағы өсім – 17,7%, ал жыл басынан бері 10,3% артқан. Ерікті зейнетақы жарналарының өсімі ең жоғары – жылдық 49,2%, жыл басынан бері – 33,2%. Жалпы көлемі 7 млрд теңге.

1 қаңтардан бастап түскен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары шамамен 148,9 млрд теңгені құраған.

Жыл басынан бері жеке және шартты зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс шамамен 1,9 трлн теңгені құрады. Бұл сома өткен жылмен салыстырғанда 883,05 млрд жуық теңгеге немесе 85,3% артық.

Шығыс көлеміне келсек, 8 айда БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түрі бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар түріндегі шығыс ағындары 740 млрд теңгеге жетті. Бұл былтырғы сәйкес кезеңдегі төлемдер көлемінен 2 есе көп. Ал тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері 322,6 млрд теңге болған.

Зейнет жасына толғандарға 130,6 млрд теңге төлем жасалған. Сондай-ақ мұрагерлік бойынша төлемдер – 40 млрд теңге, ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 26,1 млрд теңгеден астам, мүгедектігі бар адамдарға төлемдер – 2 млрд теңгеден астам, жерлеуге берілген төлемдер – шамамен 6,7 млрд теңге көлемінде болды. Сақтандыру ұйымдарына 212 млрд теңгеден астам сома аударылған.

Зейнет жасына толуына байланысты БЖЗҚ-дан берілетін орташа айлық төлем – 33 817 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғарғы сомасы – 945 752 теңге болған.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны жыл басынан бері 4,3 млн бірлікке өсіп, 16,7 млн бірлікті құраған. Бұл ретте салымшылардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының 12,4 млн бірлікке тең. Оның ішінде: 11,1 млн – МЗЖ бойынша, 696,4 мың – МКЗЖ бойынша, 427,8 мыңы – ЕЗЖ есептелетін шоттар.