Lifestyle

Қазақстандық кино «Эмми» сыйлығына ие америкалық дистрибьютормен келісімге келді

Қазақстандық кино америкалық дистрибьютормен келісті / фото: 7 Palms Entertainment, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстандық кино тарихында алғаш рет қысқаметражды фильм Эмми сыйлығының иегері, америкалық дистрибьютормен келісімге келді. Бұл жетістік Диана Ашимованың продюсерлігімен түсірілген «Бақытты» (ағылшын тілінде – Clean Monday) фильмін әлемге таныстырған A Team кинокомпаниясының еңбегіне тиесілі.

«Бақытты» фильмі алғаш рет Францияның Клермон-Ферран қаласындағы қысқаметражды киноның әлемдік нарығында көрсетіліп, одан кейін Оңтүстік Кореядағы 21-ші Чхонджу кинофестиваліне қатысты. Сонымен қатар Калькуттадағы кинофестивальде көрсетіліп, алдағы уақытта да басқа да беделді халықаралық фестивальдерге қатысу жоспарланып отыр.

Алайда ең үлкен жетістік бұл – америкалық 7 Palms Entertainment компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге келгені. Бұл компания Эмми сыйлығы мен басқа да беделді марапаттардың иегері.

Продюсерлердің айтуынша, фильм алдағы уақытта әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрермендерге көрсетіледі.

Фильмнің сценарисі әрі режиссері Әсел Бекен өз әсерлерімен бөлісті:

«Бұл фильм мен үшін ұмытылмас тәжірибе болды. Барлығы — сценарийімді продюсер Диана Ашимованың бірден қолдағанынан бастап, табиғи түсірілімдердегі ауа райы мен қиялымдағы көріністердің сәйкес келуіне дейін мен ойлағандай болды. Мұндай кәсіби командамен жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе болды. Бұл жобаға әрбір адам жанын салды», – деді Әсел.

Еске сала кетейік, бұған дейін отандық кинооператор Еркінбек Птыралиев Америка киноакадемиясының мүшесі атанған еді.