Алматы қаласының Бостандық аудандық сотында белгілі продюсер Баян Алагөзова мен журналист, блогер Дана Орманбаеваның арасындағы даулы іс қаралды.
Сот бұл істі қарау барысында Орманбаеваның жариялаған ақпараттарының шындыққа жанаспайтынын анықтады. Осының нәтижесінде сот Орманбаеваны әлеуметтік желілерде таратқан ақпараттарын жоққа шығаруға және Алагөзоваға моральдық шығынды өтеуге міндеттеді.
«Жеке және заңды тұлғалардың ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы заңнаманы сот тәжірибесінде қолдану туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес, Азаматтық кодексінің 141-бабының 3-тармағына және 143-бабының 1-тармағына сәйкес, таратылған ақпараттың шындыққа сәйкестігін дәлелдеу міндеті жауапкерге жүктеледі», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар сот журналиске деректерді жоққа шығаруға міндеттеп және блогердің пайдасына моральдық шығынды өтеу үшін 500 мың теңге өндірді
Еске сала кетейік, бұған дейін Дана Орманбаева өзінің Instagram және Telegram желісіндегі парақшаларында Баян Алагөзова туралы ақпарат таратты. Бұл ақпарат продюсердің іскерлік беделіне және жеке ар-намысына нұқсан келтіреді деп бағаланды. Орманбаева Алагөзова туралы жазған жазбалары қоғамда теріс пікір қалыптастырып, заңдар мен моральдық нормаларды бұзады деп айыпталды.
Баян Алагөзова осыған байланысты сотқа шағым түсіріп, ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғауды сұрады. Ол сондай-ақ Дана Орманбаеваның өз парақшаларында таратқан ақпаратын жоққа шығаруды талап етті және моральдық шығын ретінде 2 миллион теңге өндіруді сұрады.