Құрылысы аяқталмаған «Ақсай» бөгеті Алматы халқына қауіп төндіріп тұр ма? – ТЖМ басшысы жауап берді
2022 жылдан бері құрылысы аяқталмай тұрған «Ақсай» бөгетінен Алматы тұрғындарына төніп тұрған қауіп жоқ. Бұл жайлы Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты.
«Қазіргі таңда «Ақсай» су бөгетінің құрылысы тоқтап тұр. Осы орайда бұл құрылыстың аяқталмай тұрғаны қала тұрғындарына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін ғой. Сонымен бірге өзен бойында орналасқан үйлерге де төнетін қауіп көп. Осы мәселені сіздер қалай реттейсіздер?», – деп сұрады журналист.
Шыңғыс Әрінов бұл өзеннің қала тұрғындарына қауіп төндірмейтінін мәлімдеді. Айтуынша, Алматы тауларының өзен-көлдері толық бақылауға алынған.
«Бізде «Қазселденқорғау» мекемесі жұмыс істейді. Мекеменің өзен бойында бақылау бекеттері орналасқан. Бұл бекеттердің көмегімен жиналған судың жағдайы күнде бақыланып отырады. Сонымен бірге әуеден жасалатын мониторинг тағы бар. Жағдай біздің бақылауымызда. Қазір ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ»,- деді министр.
Сонымен бірге ТЖМ басшысы «Ақсай» бекеті бойынша тергеу жүріп жатқанын, құрылысы тоқтап қалған бұл жобаны болашақта аяқтау жоспарланып отырғанын жеткізді. Министрдің айтуынша, бюджеттен оның құрылысына 20 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалған.
«Жалпы плотина құрылысы 80%-ға аяқталған деп айтылды. Алайда құрылысты тексердік. Нәтижесінде олай емес екенін көзімізбен көрдік. Құрылыс барысымен толық танысқан соң, істі жауапты органдарға жібердік»,- деді Әрінов.
Еске сала кетсек, сәуірде Қаржы мониторинг агенттігі үш облыстағы су қоймаларының құрылыс жұмыстарына қатысты тергеу жүргізе бастаған болатын. Агенттік Ақтөбе, Ұлытау, Алматы облысында бөгеттерді күтіп ұстау мәселесінде біраз заң бұзушылықтарды анықтады.
Ал «Ақсай» бөгетіндегі қаражатты мердігер компанияның басшысы жымқырды деп күдікке ілікті. Құрылыс жүргізген компания «Ақсай өзенінің бассейнінде селді ұстайтын бөгет салу» жобасын іске асыруы керек болған. Алайда компанияның жауапты тұлғалары алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырып, құрылысты дұрыс жүргізбеген. Олар шамамен ел бюджетінен 775 млн теңге қаражат жымқырған.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек сәуірде ірі су қоймалары инвестиция салғысы келмейтін олигархтардың иелігіне өтіп кеткенін айтқан болатын.