Қырғызстан Жоғарғы кеңесі Асқар Ақаевтың экс-президент мәртебесін қайтару туралы өтінішін қабылдамады
Қырғызстан Жоғарғы Кеңесі бұрынғы президент Асқар Ақаевқа экс-президент мәртебесін қайтармайтын болды. Депутаттар бұрынғы президенттің комиссия құру жөніндегі өтінішін кері қайтарды. Бұл жайлы Қырғызстан басылымдары хабарлады.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 24 қыркүйек күні Жоғарғы кеңестің Конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және регламент комитеті Асқар Ақаевтың үндеуін қараған. Онда бұрынғы президент өзіне экс-президент мәртебесін қайтару мәселесін қарау үшін депутаттық комиссия құруды сұраған.
Бұл орайда кеңес мүшелерінің пікірі екіге бөлінген. Депутат Гуля Қожақұлова комиссия құруды ұсынып, шешім шығарған уақытша үкімет қабылдаған іс-шаралардың заңдылығын тексеру қажеттігін айтқан.
«Бұл –имидж мәселесі. Себебі біз экс-президенттің мәртебесі туралы айтып отырмыз. Сол үшін мен комиссия құруды ұсынамын. Бірнеше адамның пікірі бүкіл халықтың пікірі емес. Бұл шешімнің заңға қаншалықты сәйкес келетінін, бұрынғы президенттің мәртебесі туралы шешім қабылдаған адамдардың қаншалықты құзыретті екенін түсінуіміз керек. Сондықтан мен депутаттық комиссия құрған жөн деп білем. Халық бізден саналы шешім күтеді», – деп мәлімдеген Қожақұлова.
Ал депутат Жанар Ақаев мұндай комиссия құрудың қажеті жоқ екенін, комитет өз регламенті аясында мәселені парламенттің қарауына шығара алатынын айтып, қарсылық білдірген.
«Егер біз қазір Ақаевтың өтінішін қанағаттандырсақ, көпшілік бізді түсінбейтіні анық. Ақаевтың тұсында елде отбасылық билік орнаған болатын. Оның балалары депутат болып келді, ал Ақсыда адамдарды атып тастады. Адамдар оның билігіне қарсылық ретінде аштық жариялады. «Сонда не үшін біз, бұл адамға экс-президент мәртебесін қайтарып беріп, мемлекет есебінен қолдауымыз керек» деп наразылық білдірді «, –Жанар Ақаев.
Нәтижесінде депутаттар комиссия құру туралы ұсынысқа қарсы дауыс беріп, парламентке Ақаевтың уақытша депутаттық комиссия құру туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартуды ұсынған.