Жаңалықтар

Президент Бектеновті қабылдады: премьер-министр елдің жылыту маусымына дайындығы жөнінде есеп берді

Президент Олжас Бектеновті қабылдап, инфрақұрылымды жаңғырту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады деп хабарлайды Ақорда. Кездесу барысында премьер-министр еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, күзгі жиын-терім мен жылыту маусымына дайындық барысы туралы есеп берген.

Бектенов биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығында экономиканың өсімі 3,7%-ды құрағанын бұл орайда құрылыс саласы 8,8%, көлік және қойма ісі 7,9%, байланыс 7,4%, сауда 5,5%, өңдеу өнеркәсібі 4,9% құрағанын айтқан.

Сонымен бірге кездесу барысында аграрлық салада жеңілдікпен қаржыландыру көлемі 3 есе ұлғайып, 580 млрд теңгеге жетіп, нәтижесінде еліміз бойынша дәнді және бұршақты дақылдар алқабының 70,2%-ы жиналып, 17,2 миллион тонна астық бастырылғаны айтылған.

Үкімет басшысы алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары уақтылы жүргізіліп жатқанын, әлеуметтік нысандардың дайындығы 98,3%-ды құрағанын айтқан.

«Электр станцияларына жыл сайын 60 миллион тонна көмір қажет. Қазір оның қажетті қоры бар»,- деді Бектенов.

Ал жылыту маусымына дейін су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың барлығы баспанасына кіретінін, бұл орайда зиян шеккен адамдардың барлығына әлеуметтік қолдау көрсетіліп, бүлінген дүние-мүлкі үшін өтемақы төленгенін жеткізді.

«Баспанасынан айырылғандарға 5767 тұрғын үй сатып алынды және 2576 жаңа үй салынған. Ақмола мен Батыс Қазақстан облыстарындағы 104 нысанда жұмыс аяқталуға жақын. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып жатыр»,- деп есеп берді премьер-министр.

Бұл орайда мемлекет басшысы еліміздің өнеркәсіп саласын дамытуға және инфрақұрылымды жаңғырту жөнінде бірқатар тапсырмалар берген.