Жаңалықтар

Үкімет елде қант зауыттарын салуға Қытай инвесторларын тартуды көздеп отыр

Қазақстанда қант зауытын салуға қытайлық инвесторлар тартылуы мүмкін / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда қант зауытын салуға Қытай инвесторлары тартылуы мүмкін. Бұл мәселе вице-премьер Серік Жұманғариннің Қытай инвесторларымен кездесу барысында қозғалған.

Жұманғарин бүкіл қытайлық өнеркәсіп және сауда федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Шэнь Инмен кездесу барысында қант саласын дамыту – Қазақстан үшін маңызды бағыттардың бірі екенін айтқан. Вице-премьер ел үкіметінің ұқсас және басқа да инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеген. Сондай-ақ Қазақстанның астықты терең өңдеу кәсіпорындарының санын арттыруға ден қоятынын жеткізген.

«Бүгінде ел аумағында Қытай капиталының қатысуымен 3000-ға жуық бірлескен компания табысты жұмыс істеп келеді. Олардың төрттен біріне жуығы соңғы жылы ғана қосылған. Бұл Қытайдың іскери топтарының Қазақстандағы бизнес-климатқа сенім білдіретінін көрсетеді», – деп мәлімдеді Жұманғарин.

Айта кетсек, Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі саналады. Көрші ел Қазақстан экономикасына инвестиция салатын үздік бес елдің қатарына кіреді. Өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 30%-ға өсіп, рекордтық 41 млрд долларға жеткен. Осы жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша тауар айналым көлемі 20%-ға жеткен. 2023 жылы Қазақстанның Қытаймен тауар айналымы 31,5 млрд долларды құраса, 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында – 14,1 млрд долларды құраған.

Сондай-ақ 2005 жылдан бастап Қытайдан Қазақстанға құйылған жалпы инвестиция көлемі 25 млрд долларға жуықтаған.

«Тек өткен жылы тікелей қытайлық инвестициялар көлемі 15%-ға өсіп, 1,6 млрд доллардан асты. Бүгінде бірлескен инвестициялық жоба саны 90-нан асып, энергетика, тау-кен металлургия кешені, машина жасау, электротехника, ауылшаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, білім беру, туризм және басқа да салаларды қамтиды. Осы орайда қытай бизнесін бірлескен жобаларға қатысуға шақырамын», – деді Жұманғарин

Еске сала кетсек, қант қызылшасы биыл 25,2 мың гектар жерге егілген. Бұл өткен жылдың көлемімен салыстырғанда 2 есе көп.  Алайда депутат  Сәкен Арубаев бұл шикізатты өндіру мен өңдеуге қатысты елде біршама шешілмеген түйткілдердің бар екенін айтады. Депутат елде небәрі 4 зауыт бар екенін олардың кейібірі тозып кеткен болса, енді бірі тек қамысты қант түрлерін ғана өңдей алады. Осы орайда Арубаев елде қант зауыттарын салуды ұсынған болатын.