Энергетика министрлігі елімізде жанар-жағармай тапшылығы сезілмейтінін, мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті екенін мәлімдеді.
«Қазіргі кезеңде ішкі нарықта тапшылық байқалмайды. Мұнай өңдеу зауыттарындағы, мұнай базалары мен жолдардағы дизель отынының жиынтық қорлары – 498 мың тонна. Бұл 28 күнге жетеді. Аи-92 бензині 27 күнге жетеді, қазіргі қоры – 294 мың тонна. Аи-95 бензині – 58 мың тонна. 22 күнге жетуі тиіс», – деп хабарлады Энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы.
Бірақ бұл – осынша күннен кейін жанар-жағармай қоры ортайып қалады деген сөз емес. Өндірілген өнімдер қорларды ұдайы толықтырып тұрады.
Оның үстіне Ресейден Қазақстанға биыл 285 мың тонна жанармай, 450 мың тонна дизель отыны, 300 мың тонна авиаотын жеткізілмек. Бұл жыл сайын индикативті, болжалды теңгерім аясында жүзеге асырылады.
Мұның алдында Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов көлік иелері белсенді түрде автогазға көшіп жатқандықтан, ел нарығында сұйытылған мұнай газының тапшылығы байқалатынын айтқан болатын.