Lifestyle

Қазақстан БҰҰ қолдауымен 2026 жылы бірінші өңірлік климат саммитін өткізеді

Коллаж kursiv.media

Қазақстан 2026 жылы бірінші өңірлік климат саммитін өткізеді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы ауқымында өткен  Болашақ саммитінде ҚР Премьер-Министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу осы жөнінде мәлімдеді. Министр елде Біріккен ұлттар ұйымының Өңірлік орталығын ашуды ұсынды.

– Мұздықтардың еруі, су тапшылығы, биоәртүрліліктің азаюы және шөлейттену сияқты мәселелерді тиімді шешу үшін біздің еліміз 2026 жылы Біріккен ұлттар ұйымының қолдауымен бірінші өңірлік климат саммитін өткізеді. Сонымен қатар Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму бойынша Біріккен ұлттар ұйымының Өңірлік орталығын ашуды ұсынамыз, бұл Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруды үйлестіруді одан әрі нығайтуға көмектеседі. Дұрыс қолдаумен бұл идея БҰҰ-ның даму механизмдері үшін болашақ үлгіге айналады деп сенемін, – деді министр.

Болашақ саммитінде үш маңызды құжат –  Болашақ үшін жасалған пакті, Жаңа цифрлық шарт және Болашақ ұрпақ туралы декларация қабылданды. Бұл құжаттар көпжақты ынтымақтастықты нығайту және климаттың өзгеруі, технологиялық трансформация бойынша мәселелерді шешу үшін тиімді жаһандық жүйені құруға бағытталған.

Бұған дейін Азия даму банкі Орталық және Батыс Азия және оған көршілес елдер климат өзгерісінің барған сайын ауыр зардаптарын жою үшін бірлесіп жұмыс істеуі керек екенін мәлімдеген. Бұл жағдай болашақта су тапшылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне тіпті аймақтағы қақтығыстарға әкеп соғуы мүмкін.

2022 жылы Мысырда өткен Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияға қатысқан Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қазақстан 2025 жылға дейін 2 миллиард түп ағаш отырғызатынын мәлімдеді.