«Самұрық-Қазына» Астана әкімдігінің инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру үшін 35 миллиард теңге бөлмек
«Самұрық-Қазына» қоры Астана әкімдігі инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау үшін қала бюджетіне 35 млрд теңге аударады деп хабарлады мемлекеттік холдинг.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысымен бекітілген 2021 – 2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары шеңберінде активтерді бәсекелес ортаға беруден түскен қаражат есебінен аталған қаулы қосымшасына сай Астана қаласының инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру мақсатында тізбе бойынша 35 028 605 333,26 ( отыз бес миллиард жиырма сегіз миллион алты жүз бес мың үш жүз отыз үш теңге жиырма алты тиын) теңгеге Астана қаласының әкімдігін қаржыландыруды қамтамасыз етеді», — делінген «Самұрық-Қазына» хабарламасында
Акцияларының 100%-ы Қазақстан үкіметіне тиесілі мемлекеттік холдинг акционерлерінің 19 қыркүйекте өткен жалпы жиналысында шешім қабылданды.
Қаражатты мақсатты түрде пайдалануға елорда әкімдігі жауапты. Акционерлер қабылдаған шешім 30 қыркүйекте күшіне енеді. Қаражат қала әкімдігінің бюджетіне осы айдың аяғында түсуі мүмкін.
Жекешелендірудің 2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында «Қазақстан темір жолы» (2025), «ҚазМұнайГаз» (2022), QazaqGaz (2024-2025), «Самұрық-Энерго» (2023-2024), Air Astana (2023-2024), KEGOC (2023-2024), Qazaq Air (2024), «Востокмашзавод» (2021), «Қазақстанның инвестициялық қоры» (2021), Mobile Telecom Service (2024) және т. б. компаниялардағы мемлекеттік акцияларды сату көзделген. Қазіргі уақытта Qazaq Air (вьетнамдық Sovico холдингі) және Mobile Telecom Service (Qatar Power International Holding) сатып алушыларымен келісімдер жасалды. Сонымен қатар жыл басында Air Astana-ның IPO-сы өтіп, нәтижесінде «Самұрық-Қазына» қорының үлесі 51%-дан 41%-ға төмендеді. 2020 жылы «Востокмашзавод» АҚ акцияларының 99%-ы VMZ Invest-ке сатылды.
Хабарламада қаржының қай жобаға жұмсалатыны көрсетілмеген. «Самұрық-Қазына» «Курсивке» Астанадағы қай инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру талқыланып жатқанын нақтылаған жоқ.
Бәлки, LRT жобасына бағытталады…
Елордадағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба – құрылысы 2011 жылы басталған жеңіл рельсті трамвай (LRT). Бастапқыда жоба 2017 жылы ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесіне дейін іске қосылады деп жоспарланған, бірақ оны аяқтау бірнеше рет кейінге шегерілді. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек ақпан айында эстакада 2024 жылдың соңына дейін аяқталатынын, ал 2025 жылы рельс төсеу көзделгенін айтты. Әкім жобаның құны 800 миллиард теңгені құрайтынын, оның 300 миллиард теңгесі сол кезде игерілгенін атап өтті. 2024 жылға арналған республикалық бюджеттен LRT құрылысы жобасына 28,4 млрд теңге бөлінген. 2025 жылға арналған бюджет жобасында жобаға қаражат қарастырылмаған.
«Мемлекеттік мүлік туралы» заңда мемлекеттік активтерді жекешелендіруден түскен қаражат Ұлттық қорға бағытталуға тиіс деп белгіленген. Алайда былтыр Қаржы министрлігі «Самұрық-Қазына» құрылымындағы жекешелендірілген компанияларға жеңілдік жасады. Мемлекеттің дивидендтер төлеуге арналған үлесін және жекешелендірілген компаниялардың міндеттемелерін өтеуге арналған қаражатты қоспағанда, оларды сатудан түскен қаражат Ұлттық қорға да аударылады.
Маусым айында «Самұрық-Қазына» қоры өзінің жалғыз акционері – Қазақстан Үкіметіне 2022 жылға қордың бөлінбеген кірісінен дивиденд ретінде қосымша 63,5 млрд теңге төледі.