Жаңалықтар

2024 жылдың алты айында Қазақстан туризмінің табысы 40%-ға өсті

Коллаж: kursiv.media

Бірінші жартыжылдықта қазақстандық туроператорлар 285 млрд 700 мың теңге табыс тапты. DATA HUB  өткен жылмен салыстырғанда шамамен 40%-ға артық кіріс кіргізгенін хабарлады.

2023 жылдың қаңтар-маусым айларындағы инфляцияны есепке алмағанда, бұл көрсеткіш 3,2 есе өсті. Осы кезең қорытындысы бойынша туристік нысандар табысы бұрын-соңды мұндай жоғары болмағаны айтпаса да түсінікті.

Әдетте, бірінші жартыжылдық туроператорларға әлдеқайда аз ақша әкеледі. Туристік агенттіктердің мұншалықты мол табыс табуы – таңғаларлық нәтиже.

DATA HUB  шағын кәсіпорындарды зерттеу бойынша ресми статистиканың нәтижесі де орнықты екенін айтты. Бәлкім, осыдан қазақстандықтардың саяхаттаудан қаржы аямайтынын байқауға болады. Оған қоса басқа елдердегі инфляция ерекше әсер еткен болуы мүмкін. Мәселен, Түркияға арналған жолдама бірнеше есе қымбаттады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша алғашқы алты айда Қазақстанға шетелден 566,5 мың саяхатшы келген. Былтырғы осы кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда туристердің саны 50,7 мың адамға артқан. Ол кезде 515,8 мың адам елімізге қыдырып келген болатын.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік туристік ұйымы (БҰҰ туризмі) деректеріне сәйкес, халықаралық туризмнен ең көп табысты Еуропа елдері тапқан. Көрсеткіш 660 млрд долларды құрады. Бұл 2019 жылғы пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 7%-ға көп. Таяу Шығыстағы кірістер 33%-ға өсті.

Қазақстандықтар 2023 жылы шетелге саяхаттауға 326 млрд теңге жұмсаған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 45%-ға артық. Мәдениет министрлігі 2030 жылға қарай Қазақстанда туристер саны 15 млн-ға жетеді деп болжаған.