Тау қопаратын максимализмнің қандай зияны мен пайдасы бар?

Жарияланды
Максимализмнің қандай зияны мен пайдасы бар? / Фото: elements.envato.com

«Жас қой» деп көп қателікке кешіріммен қарауға болатын кездер бар. Мұны «жастық максимализм» деп атайды. Яғни әлдебір баға берерде, пайым жасарда не өзі мен басқаларға талап қоярда біржақты болатын мінез. Көбіне жасөпірім және жас кезде, 12-22 жас аралығында айқын көріне бастайды. Бірақ одан да үлкен жастағы адамдардың бойынан да көріп қалуымыз мүмкін. Олай болса, максимализм деген не, оның қандай зияны мен пайдасы барын талдап көрейік.

Жастық максимализмнің басты белгілері

  • Біржақты ой. Бәрін ақ-қара қылып қана қабылдайды. Яғни әлдебір затты толықтай қабылдай алса, енді бірін мүлдем қабылдай алмайды. Келісімге келместен жоққа шығаруға бейім келеді.
  • Идеал болуға тырысады. Ол үшін отбасыдан тыс жерден өзіне беделді, жаңа тұлғалар іздейді. Соған ұқсау үшін барын салады. Әсіресе, жасөпірімдер кумирінің сырт келбетіне ұқсату үшін шашын сол секілді қиып, сол сияқты киіне бастайды.
  • Сын көтере алмайды. Сын естісе, қатты ауыр қабылдайды. Бұған адамның тұлға ретінде қалыптасып жатуы, өзін іздеуі себеп. Мысалы, өзіне ұнайтын, ұстаз көретін адамның өзін басқаша ұстап, өзінен кішілерден басқа нәрсе талап ететінін көргенде, оны түсіне алмай қиналады. Мұндайда жасөспірімнің бойында қарсылық туындап, «неге олай болады» деген ой күресі болып жатады.
  • Өзін ересекпін деп ерте жастан қабылдай бастайды. Мысалы, 12 жасар бала өзін жеке тұлғамын деп, өз ойын білдіріп, әлдебір оймен келіспесе қарсы шығуды үйрене бастайды. Көбіне балалардың мұндай әрекетін үлкендер еркелік не тентектік деп қабылдауы мүмкін. Сөйтіп күшпен басуға тырысатындар бар. Ал бұл болса, бар болғаны жеткіншектің көпшілік арасында көрініп, маңызын сезінуге деген талпынысы ғана.
  • Эгоцентризм. Мұндайда адам өз ойы ғана дұрыс, қалғандарынікі қате деп есептейді. Басқалармен тіпті талқылауға тырыспайды. Ондай эгоцентрист адамдар өзін басқаның орнына қоя алмайды, өзін сырт көз ретінде қарап көруге талпынбайды. Жасөспірімдердің бұлай етуіне түсінуге болады. Өйткені олардың бұл өмірде көргені аз ғана.
  • Әлденеге қадалып қалады. Максимализмнің тағы бір белгісі — уақытының басым бөлігін өзіне ұнайтын іске арнап, басқа нәрселерді елемейді. Мәселен жасөспірімдер компьютер ойындарына кіріп кетіп жатады.

Мұндай кезде ата-аналар не істемеуі керек?

Жастық максимализм басталған кезде баланың жасына қарай мынадай екі түрлі кризис кездеседі:

  • Жасөспірім кезеңдегі кризис (12-18 жас). Мұндайда ересек өмірге дайындық басталады.
  • Жастық кезеңдегі кризис (19-22 жас). Мұндайда өзін тауып, өмірлік бағыттарын қалыптастыруға тырысады.

Осындай кризис кезінде балаңыз жақсы өтуі үшін эмоциялық сау орта қалыптастырудың маңызы зор. Ол үшін жасөспірімдердің ата-анасы істемеуі керек қадамдарды айта кетейік:

  • Баланың мәселелері мен қызығушылығын іске алғысыз етпеңіз. Ата-аналар баласына «сенің мәселең деген не тәйірі, ертең өскенде проблеманың көкесін көресің» деп қайталай берсе, онда бұл сөздер оның өмірлік көзқарастарына кері әсер беруі мүмкін,
  • Жасөспірімнің пікірін айтып, ойын бөліскісі келген кезде басып тастап, не күлкіге қалдыруға болмайды. Егер ойын тыңдамай, айтқызбай қойсаңыз, ол өскенде де ойын айта алмайтын адам болып қалыптасады. Сөйтіп мазасыз, жалтақ болып өседі.
  • Біржақты қарай бермеңіз. Егер оған ақ-қара көзқарасты ғана таңа беретін болсаңыз, балаңыз да сізге дәл сондай жауап береді. «Не былай, не былай» деуден аулақ болыңыз. Өмірде түрлі жағдай болады. Оны ересек ретінде жақсы білуіңіз керек.
  • Есеюіне кедергі жасамаңыз. Гиперқамқорлықтың жақсы тұсы жоқ. Бір қарағанда жаныңыз ашып, жақсы көргеннен істеп жатқандай боласыз, ал негізі оған қоғамға бейімделуге кедергі келтіріп жатырсыз. Балаңыздың өскенін қабылдай алмайтын болсаңыз, онда бұл мәселенің шешімін ішіңізден іздеп, шешуге тырысыңыз.
  • Таңдауы мен қалауына үнемі сенбей, күмәнмен қарай бермеңіз. Егер балаңызға жаман бірдеңе болып қалады, қолынан келмейді деп ойлай берсеңіз, шынында да солай болады. Жаман ортаға тап болатындардың дені осындай ата-ананың қолында өскендер болып шығады.

Олай болса, қалай істеген дұрыс?

  • Пікірін тыңдап, қарсылығы болса ескеріп, жасөспірімнің көзқарасын жоққа шығармау керек. Егер әлдебір жерде келіспейтін болсаңыз, аргументті ақырындап жеткізіп көріңіз. Сонымен бірге қай ойымен келісетініңізді де көрсетіп отыруыңыз керек.
  • Жағдайын түсінуге тырысыңыз. Жасөспірім шақта баланың бойында күрделі процестер өтіп жатады. Сондай кезде онымен тығыз байланыс орнату қажет. Өйткені осы кезде бала сабақты жақсы оқып, мықты оқу орнына түсіп, мамандық таңдау керек екенін ұға бастайды. Одан қала берді ағзасында да өзгеріс көбейеді. Мысалы, салмақ жинап, толуы мүмкін дегендей. Осындай небір мәселе туындаған кезде балаға түсіністікпен қарау маңызды.
  • Проблема шешудің конструктив әдісін үлгі ретінде көрсете біліңіз. Әр сөйлеген сөзіңізді аргументтермен шегелеп отырыңыз. Балаңыздың ойы мен пікіріне құлақ асыңыз. Қателескен тұсыңыз болса, ашық мойындаңыз.
  • Баламен дұрыс сөйлесуге кедергі болатын барлық психологиялық мәселеңіздің күрмеуін шешуге тырысыңыз. Бәлкім, сіздің бойыңызда әлі күнге дейін максимализм қалып қойған болар?! Баланың әр қарсылығына шыны секілді шытынай салатын ата-ана жақсы үлгі бере алмайды.
  • Қамқор болыңыз, жағымды эмоциялық байланыс құрыңыз. Арада жылу болсын. Бұл сіздің ересек өмірге қадам басқалы жатқан балаңызға үлкен тірек болады.
  • Ақыл айта бермеңіз. Ол оны жалықтырып жібереді. «Сөзі басқа, ісі басқа» деп ішінде күресті көбейтпей, одан қайта өзіңіз үлгі болуға тырысыңыз. Барлығын іс жүзінде көрсе, оған сөзбен айтудың қажеті болмайды. 

Максимализм ересекте болса, проблема ма?

Айтқандай, кей адамдар есейсе де, бойында максимализм қалып қояды. Ондай адамдар ментал тұрғыда сол жасөспірім не жастық шақта қалып қойған. Бұл оған үлкен мәселе болады. Мысалы, жасөспірім не жас кездегі эгоцентризмді түсінуге болады. Ол адам ересек өмірге ауысып жатыр, кім екенін білгісі келеді, қандай құндылықтары мен көзқарастары барын білуге ұмтылады. Сол себепті өзін басты орынға қойып, бәріне өз призмасы арқылы қарауын түсіне аламыз. Бірақ есейген шақта басқалардың көзқарасын елемей, өзінікін ғана дұрыс деп қарайтын болса, бұл басқаларға да, адамның өзіне де қиындық тудырады. Ересектер басқалардың түсінігін, шекарасын құрметтеуі керек. Эгоцентриктер басқаның шекарасын оңай бұзып кіреді, ешкім сұрамаса да ақыл айтқыш келеді, басқаларды сынап-мінегеннен рахат алады.   

Максимализмнің пайдасы бар ма?

Максимализмнің бір жақсы тұсы бар. Арманына адал, сол мақсатына жету үшін бәрін қиратып бұзса да жетеді. Осы тұрғыдан алғанда, амбициямен қосылған максимализм адамның өзіне ғана емес, айналасындағыларға да пайдасы тигізеді. Мәселен жас ғалым барын салып, бүкіл уақытын арнап зерттеумен айналысады делік. Ол арқылы өз арманын орындап қана қоймай, сол жұмысымен басқаларға да көмектеседі. Яғни пайдалы максимализм мынадай болады: 

  • Белгілі бір өмір саласына ғана байланысты яғни жергілікті максимализм болса жақсы. Жоғарыда айтқан ғылыми зерттеу сынды бағытта пайдасы тиеді.
  • Амбицияға толы мақсаттарға жетер жолда ол басқалардың да ойына құрмет көрсетуі керек. Ол ғана емес, басқалар да бұл өмірде бар екенін есте ұстауға тиіс. Әйтпесе, өзін ғана мықты деп ойлайтындармен жұмыс істеуге ешкім құлшына қоймайды. 
Сондай-ақ оқыңыз