Қазақстандық құтқарушыларға көктемгі су тасқыны кезінде инженерлік техника мен әуе кемелерінің жетіспеушілігі қатты сезілді. Оған қоса өңір әкімдіктері де мұндай ауқымды апатқа дайын емес және ұйымдастыру жұмыстарының төмен екенін көрсетті. Осылай деген Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов табиғи апат кезінде құтқарушылар қандай қиындықтарға тап болғанын айтты.
Әрінов құтқару жұмыстары оңайға соқпағанын айтады. Ауа райының тұрақсыз болуы және жетуі қиын жерлер құтқарушыларды біршама әуреге салған.
«Апат аймақтарында инженерлік техника мен әуе көлігінің жетіспеушілігі қатты сезілді. Тартылған техниканың басым бөлігі сапасыз және ұзақ мерзімді жұмыстарды жүргізуге жарамсыз болды», – деді ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында.
Министр тасқын кезінде әуе көлігінің орнына теміржол тасымалын пайдалануға тура келгенін айтты. Сондай-ақ аймақтардың тасқын суға дайын болмағанын тағы бір мәрте еске салды.
«Зардап шеккен аймақтардың тасқын судың көлемі мен олардың салдарына дайын еместігі аңғарылды, ондағы бірлескен іс-қимылдарды ұйымдастыру мен үйлестіру әлсіз жүргізілді. Туындаған қиындықтарға қарамастан, министрлік тіршілікті қамтамасыз ету құралдарын, гуманитарлық жүктерді жеткізу, электр қуатымен жабдықтауды және көлік қатынасын қалпына келтіру мәселелерін жедел шешті. Апатпен аянбай тәулік бойы күрескен қарапайым жауынгерлер мен құтқарушылардың арқасында адам өліміне жол берілмей, 500-ден астам елдімекен су басудан аман қалды», – деді министр.
Шыңғыс Әрінов су тасқынынан сабақ ала отырып, қандай кемшіліктерге аса мән беру керек екенін де жеткізді. Сол себепті кейбір мәселелер қайта қаралады. Мәселен, бірінші кезекте құтқарушыларды арнайы киім-кешекпен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі назарға алынған. Министр олардың киімі сапалы, тапсырмаларды орындауға ыңғайлы және қимыл қозғалысқа қолайлы болу керек деп есептейді.
«Екінші, сапалы арнайы автомобильдер мен инженерлік техникалар, оның ішінде жүзу құралдарын, ұшақтар мен тікұшақтар сатып алу жүзеге асырылатын болады. Біз ұшқыштарды түнде және қолайсыз ауа райы жағдайында ұшуға оқытып үйретуді жоспарлап отырмыз», – деп мәлімдеді Әрінов.
Министр елдегі түрлі төтенше жағдайларды жедел жою және үйлестіру үшін министрліктің командалық орталығы да жаңғыртылатынын атап өтті.
«Бүгінде назардан тыс қалып, қолайлы жағдай жасалмаған құтқару бөлімшелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты, жаңа тәсілге көшеміз. Өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлері мен құтқарушылар бір жерге орналасқан бірегей өрт сөндіру депосы құрылуда. Бұл шұғыл әрекет етуді арттыруға және азаматтарды дер кезінде құтқару шараларын қабылдау мүмкіндігін береді», – деді ол.
Ведомство басшысы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп мүлікті төтенше жағдайлардан сақтандыру механизмі пысықталып жатқанын да мәлім етті.
Еске салсақ, осыған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі 24,8 млрд теңгеге 11 әуе кемесін сатып алатынын хабарлаған болатын. Бұл әуе кемелері ТЖМ материалдық-техникалық базасын нығайтуға, авиациялық техникамен қамту аймақтарын кеңейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Сондай-ақ әуе кемелері жетуі қиын жерлерде орын алған төтенше жағдайлар аймақтарынан эвакуациялауға және құтқару бөлімшелерінің жедел әрекет етуін қамтамасыз ету үшін қолданылады.