Қытайдың дағдарысқа қарсы жоспары аясында тау-кен компанияларының акциялары қымбаттады

Жарияланды
Фото: REUTERS/Steve Marcus

Freeport-McMoRan және Southern Copper секілді тау-кен компанияларының акциялары Қытай пандемиядан бері ең ірі экономикалық қолдау шараларын ұсынғаннан кейін қымбаттады. Бұл металдар бағасының өсуіне бірден әсер етті. Бірақ кейбір сарапшылар Қытайдағы тұрғын үй нарығындағы дағдарысты қосымша шараларсыз шешу мүмкін емес деп ескертті.

Толығырақ

Америкалық мыс өндіруші Freeport-McMoRan компаниясының акциялары сейсенбі күні шамамен 8%-ға өсті. Southern Copper тау-кен компаниясының нарықтық құны бір күнде 7%-дан аса өсім көрсетті. Литий жеткізуге маманданған Albemarle Corp. және Arcadium Lithium компанияларының акциялары Нью-Йорк биржасындағы сауда кезінде сәйкесінше 2% және 3,2%-ға қымбаттады.

Металлургиялық және тау-кен компанияларының акцияларына бағытталған SPDR S&P Metals & Mining ETF биржалық қоры 4,2%-ға өсті. Бұл 2023 жылдың қарашасынан бергі бір күндегі ең үлкен өсім, деп хабарлады Benzinga.

Тау-кен компанияларының акциялары неге қымбаттап жатыр?

Нарықтағы оптимизм Қытайдан келген жаңалықтарға байланысты – сейсенбіде Бейжің экономика мен дағдарысқа ұшыраған жылжымайтын мүлік нарығын қолдау бойынша ауқымды шаралар пакетін ұсынды. Бұл пакет аясында билік банктерге тұтынушыларға бағытталған несиелерді көбейтуге және ипотекаға қолжетімділікті арттыруға көмектеседі.

Қытай – металдардың ең ірі тұтынушысы әрі оны өндірушілер табысының негізгі драйвері, деп жазды Bloomberg. Биылға дейін Қытай шикізат нарықтары үшін теріс жаңалықтармен есте қалды – экономиканың баяулауымен қатар, жылжымайтын мүлік секторындағы дағдарыс металдар бағасының төмендеуіне және болат өндірісінен бастап мыс балқыту зауыттарына дейінгі барлық салаға қысымның күшеюіне әкелді, деп атап өтті агенттік.

Қытай дағдарысқа қарсы жоспарын жариялағаннан кейін мыс және басқа да өнеркәсіптік металдардың бағасы күрт өсті. Лондон металдар биржасында сейсенбіде мыс 2,6%-ға қымбаттап, шілдеден бергі ең жоғары деңгейге жетті, ал алюминий 2,1%-ға өсті.

«Өнеркәсіптік металдар үлкен пайдаға кенелді», деп атап өтті Mizuho Securities компаниясының атқарушы директоры Роберт Яугер (MarketWatch-тегі пікір).

Алайда кейбір сарапшылар Қытайдың дағдарысқа қарсы жоспары экономиканы айтарлықтай өзгерте қояды дегенге күмәнмен қарап отыр.

«Ұсынылған шаралардың өздігінен тұрғын үй дағдарысын тоқтатып, инфрақұрылымға жұмсалатын шығындарды қалпына келтіреді деп күтудің қажеті жоқ», деп келтіреді Bloomberg Commerzbank аналитигі Фолькмар Баурдың сөзін. «Мұндай жағдай орын алуы үшін қаржылық ынталандыру қажет, ал ол туралы ештеңе жарияланған жоқ».

Бұл пікірмен China Industrial Futures қара металлургия бойынша аналитигі Вэй Ин де келісіп отыр.

«Жаңа саясат нарықтағы көңіл-күйді көтеруге пайдалы. Алайда Қытай экономикасының мәселесі өте күрделі, сондықтан ақша-несие саясатының жеңілдеуі жеткіліксіз болуы мүмкін», деді ол агенттікке.

Сондай-ақ оқыңыз