Goldman Sachs-тың бас стратегі Дэвид Костин АҚШ-тағы президент сайлауы қарсаңында акциялардың төмендеуін күтіп отыр. ОПЕК көптеген сарапшының пікірімен келіспей, мұнайға деген сұраныс болжамын көтерді. Ал АҚШ экономикасына деген тұтынушылар сенімі төмендеуді жалғастыру үстінде. Осы және өзге де тақырыптар туралы 24 қыркүйектегі шолудан оқи аласыз.
Дэвид Костин: S&P 500 келесі жылы 6000 деңгейіне жетеді
Goldman Sachs-тың бас стратегі Дэвид Костин АҚШ-тағы президенттік сайлаудан кейін, қор нарығындағы өсім жалғасатынына сенімді. Bloomberg-тің жазуынша, сарапшының болжамына сәйкес, бір жыл ішінде S&P 500 индексі 6000 деңгейіне жетеді. Бұл болжам индекстің шамамен 5%-ға өсетінін білдіреді, ал 2024 жылдың басынан бері индекс 20%-ға жақсарған.
Алайда Костиннің пікірінше, алдымен инвесторлар алдағы аптада АҚШ сайлауы қарсаңында нарықтағы белгілі бір тұрақсыздықпен күресуі керек. Тарихи тұрғыда бұл кезеңде тұрақсыздық артып, акциялардың бағасы төмендейді.
Костин биыл S&P 500 бойынша болжамын үш рет көтерген. Bloomberg бақылап отырған стратегтердің орташа мақсатты көрсеткіші қазір шамамен 5523 деңгейінде. Бұл әртүрлі компаниялардың рейтингті қарқынды көтеруі нәтижесінде байқалған.
Костин капиталдандырылуы орташа акциялардың мүмкіндіктерін көріп отыр. Олардың «үздік көрсеткіштерімен ұзақмерзімді табысты жолы» бар деп санайды. «Қазір капиталдандырылуы орташа акцияларға көбірек көңіл бөліп отырмыз. Себебі бұл нарық саласы көптеген портфель менеджерлерінің назарынан тыс қалып отыр. Дегенмен бұл сала келесі жылы нарықтан асып түсуі мүмкін», – деді ол.
ОПЕК 2050 жылға қарайғы мұнай сұранысына қатысты болжамын көтерді
ОПЕК мұнай тұтыну болжамдарын көтерді деп хабарлады Bloomberg. Картель сарапшыларының пікірінше, 2050 жылға қарай мұнайға деген сұраныс күніне 17,9 млн баррельге немесе шамамен 18%-ға артып, тәулігіне 120,1 млн баррельге жетеді.
Сонымен қатар сала сарапшыларының көпшілігінің болжамдары әлдеқайда қарапайым. BP, Vitol Group, Goldman Sachs Group, Wood Mackenzie және Халықаралық энергетикалық агенттік сияқты ұйымдар мұнайға сұраныс келесі онжылдықта өсуін тоқтатады деп болжайды. Өйткені әлем электрмобильдерге және жаңартылатын энергия көздеріне көшіп жатыр.
ОПЕК экономикасы дамыған елдер балама энергияға көшіп жатқан кезде, дамушы елдер әлі де арзан отын түрлерін пайдалануды жалғастырады деп санайды. Картельдің болжамы бойынша, 2050 жылға қарай Үндістан күніне 8 млн баррель тұтынады, бұл Қытай үшін болжанған өсімнен үш есе көп. Мұнай-химия, автомобиль көлігі және авиация әлі де сұранысты ынталандыратын болады. Ал 2050 жылға қарай іштен жанатын қозғалтқыштары бар көліктер автопарктің 70%-дан астамын құрайды.
Баяндамада ОПЕК пен оның одақтастары 2050 жылға дейін сұйық көмірсутектерді әлемдік жеткізудегі үлесін 52% деңгейінде сақтап, жеткізілімдерді арттыруды жалғастыра алады деп айтылған. Сондай-ақ ОПЕК мұнай мен газ өндіруден біртіндеп бас тарту идеясы «қиял» болғанын атап өтті.
ОПЕК мұнайға сұраныс биылдың өзінде тәулігіне 2 млн баррельге өседі деп есептейді. Уолл-стрит олардың пікірімен келіспейді. Стратегтердің пікірінше, бұған шикі мұнай бағасының шілде айының басынан бері 13%-ға төмендеуі дәлел. Тіпті ОПЕК тобына мүше елдер де өздерінің оптимистік бағалауларына күмәнмен қарады. Олар желтоқсанға дейін өндірісті ұлғайтуды кейінге қалдырды. Өйткені сұраныс қосымша баррельдерді сіңіре алатындай тұрақты емес деп алаңдап отыр.
АҚШ экономикасына деген тұтынушылар сенімі төмендеп келеді
Conference Board индексі бойынша АҚШ-та тұтынушылардың бизнесті жүргізудің қазіргі жағдайларына деген бағасы үш жылдағы ең төменгі деңгейге жетті деп хабарлады Yahoo Finance. Conference Board индексінің мәні қыркүйек айында 98,7-ге дейін кеміді. Бұл тамыздағы 105,6-дан төмен. Bloomberg сауалнамасына қатысқан экономистер 104 деп күткен еді.
«Тамыздан қыркүйекке дейінгі тұтынушылар сенімінің төмендеуі 2021 жылғы жаздың соңынан бергі ең үлкен төмендеу болды. Бағалар теріс бола бастады, ал еңбек нарығындағы ағымдағы жағдайға көзқарастар одан әрі әлсіреді. Тұтынушылар болашақтағы еңбек нарығының жағдайына да пессимистік көзқарас білдіріп, бизнесті жүргізу жағдайлары мен болашақ табысқа деген сенімдерін төмендетті», – деп атап өтті Conference Board бас экономисі Дана Петерсон.
Бұл нарық үшін тұтынушылардың үнемшілдікке бейімділігі сатылымдар мен компаниялардың кірістерін азайтады дегенді білдіреді. Қыркүйек айындағы сауалнамаға жауап берген респонденттер еңбек нарығының әсерін айқын сезініп отыр. Мұнда жаңа жұмысшыларды жалдағысы келетін компаниялар саны азайып барады. Қыркүйекте тұтынушылардың 18,3%-ы жұмыс табу «қиын» екенін айтса. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 16,8% болған-ды.
«Бұл көрсеткіштің тұрақты төмендеуі еңбек нарығы бұрынғыдай шиеленісті емес екендігінің айқын белгісі», – деп жазды Wells Fargo экономисі Шеннон Сири Грейн сейсенбі күні клиенттерге арналған жазбасында. – «Дегенмен, біз бұл деректерге аса мән беруге асықпаймыз. Өйткені үй шаруашылықтарының тұрақты шығынына қарамастан, сенім көрсеткіштері осы циклде төмен деңгейде қалды».
BlackRock Crypto басшысы биткоинді «тәуекелсіз» актив ретінде қарастырады
Кейінгі уақытта алтын цифрлық активтермен ұқсас заңдылықтар бойынша әрекет етіп жүргені, биткоинді шикізат пен қымбат металдар сияқты «тәуекелсіз» актив ретінде қарастыруға болатынын көрсетеді, деп есептейді BlackRock-тың цифрлық активтер бөлімінің басшысы Робби Митчник. Бұл туралы ол Bloomberg-ке берген сұхбатында айтты.
Сонымен бірге Митчник криптовалюталарды «толығымен тәуекелсіз» деп атауға болмайтынын ескертті. Өйткені олар да акциялар, шикізат және жоғары табысты облигациялар сияқты құбылмалылыққа ұшырайды. Алайда биткоинді ешбір мемлекет немесе үкімет бақыламайды, ол шектеулі және орталықсыздандырылған болғандықтан, «оны тәуекелсіз актив деп атауға болады», – дейді Митчник. Айта кетейік, BlackRock биржалық қорларды басқарып, биткоин мен эфирге инвестиция салады. Биыл биткоин 49%-ға, ал эфир 15%-ға қымбаттады.