Жаңалықтар

Bybit биржасы ислами криптовалюта есепшоттарын іске қосты

Bybit; криптобиржа
Bybit криптобиржасы ислами есепшоттаарды іске қосты / Фото: shutterstock

Ең ірі криптовалюта биржаларының бірі – Bybit мұсылмандарға арналған криптовалюта есепшоттарын іске қосты. Бұл туралы платформа басшысы Бен Чжоу хабарлаған. Енді мұсылман инвесторлар осы биржада шариғатқа сай сауда жасай алады.

Жаңа өнім шариғат заңдарын сақтауы үшін ZICO Shariah кеңес беру орталығының қолдауымен әзірленген. Пайдаланушының қаражатын араластырмау және ашық комиссиялық құрылым ислам құндылықтарына сай сауда жасауға мүмкіндік береді.

Bybit-тің ислами қызметтеріне Spot Trading, DCA Trading Bot және Spot GRID Bot кіреді. DCA боты криптовалютаны белгілі бір уақыт кезеңінен кейін бағасына қарамастан сатып алады, нәтижесінде сатып алынған активтің құны орташаланады. GRID боты криптовалюталардың құбылмалы баға ауытқуын пайдалана отырып саудамен айналысады.

Чжоудың айтуынша, шариғат талаптарына сай 75 криптовалютамен спот сауда жүргізуге болады. Қазіргі уақытта платформада Bitcoin (BTC), Ethereum (ETH), Tether (USDT), Solana (SOL), BNB (BNB), Uniswap (UNI), Stellar (XLM) және басқа жетекші криптовалюталарды қоса алғанда, 19 цифрлық активпен сауда жасауға болады.

Қазақстанда ештеңемен қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді сатуға болмайды. Мұндай активтер тек «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында саудаланады. Қазақстан аумағында жұмыс істуге Binance, CaspianEx, Biteeu, ATAIX, Upbit, Xignal&MT және Bybit криптобиржасы рұқсат алған.