Астанада лицензиясыз жұмыс істеген майнинг фермасы 143 млн теңгенің цифрлық активін заңсыз өндірген. Қаржы мониторинг агенттігі майнерлер оған қоса электр энергиясына 23 млн теңге қарыз екенін анықтаған.
Заңсыз майнерлер 2022 жыл мен 2024 жылдың мамыр айына дейін ай сайын бір шағын ауданды қамтуға толық жететін тоқты жағып отырған.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 1 300-ге жуық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешен (ASIC), оларды салқындатуға арналған құрылғылар және қосалқы трансформаторлық станция тәркіленді», – делінген хабарламада.
ҚМА мәліметі бойынша, 2024 жылы цифрлық активтердің заңсыз айналымы бойынша 7 үкім шығарылған. Сотқа дейінгі тергеу барысында 12 млрд теңгенің мүлкіне тыйым салынған.
Қазақстанда майнингпен айналысу үшін арнайы лицензия алыну керек. Крипторбиржалық қызмет тек «Астана» Халықаралық қаржы орталығы аумағында жүзеге асады.
Бұған дейін Рудный қаласында заңсыз майнерлер анықталған болатын. Олар да 3 қалаға жететін электр энергиясын жағып жіберген.
ҚМА еліміздегі цифрлық активтердің заңсыз айналымы 36 млрд теңгеге жеткенін хабарлады. Агенттіктің цифрлық қылмыспен күресетін арнайы бөлімшелері майнингпен байланысты 18 қылмысты анықтаған.