2024 жылдың 8 айында Қазақстан арқылы тасымалданатын ресейлік газ транзиті үш есе өскен. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлайды.
«2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан Республикасы аумағы арқылы 3,473 млрд текше метр ресей газы тасымалданды», – делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.
Ақпаратқа сәйкес, 2023 жылы жалпы транзит 1,28 млрд текше метрді құраған. Осылайша, 2024 жылдың сегіз айындағы транзит бүкіл 2023 жылғы көрсеткіштен 2,7 есе асып түсті. Жыл соңына дейін 3 ай барын ескерсек, газ транзиті одан әрі арта түспек.
Ресей газы Өзбекстанға «Газпром» мен QazaqGaz арасында 2023 жылдың жазында жасалған екі жылдық келісімге сәйкес жеткізіліп жатыр. «Орталық Азия – Орталық газ» құбыры арқылы тасымал 2023 жылдың қазан айында басталды. 2026 жылға қарай жылына 11 млрд текше мерт газ тасымалдау жоспарланған.
Биыл мамырда QazaqGaz компаниясы Қазақстан газ тасымалдау жүйесін жаңғыртуға инвестиция салатынын хабарлады. Бұл Ресейдің Өзбекстанға газ экспортын 11 млрд текше метрге дейін арттыруына ықпал етеді. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Қазақстан Ресей газын Өзбекстанға тасымалдаудан қомақты пайда табады. Алайда министр Ресей газының транзитінен түсетін соманы нақтыламай, транзит көлеміне байланысты болатынын жеткізген.
QazaqGaz бен «Газпром» Ресей газын Өзбекстан мен Қазақстанға жеткізу жөніндегі қосымша келісімшартқа маусым айында қол қойды. Сонымен қатар Ресей Қазақстан арқылы Қырғызстанға тасымалдауға келісім алды.