АҚШ-тың Ресейге қарсы салған санкциялары Қазақстанда юань және рубльдің саудасын қыздырып тұр. Бұл туралы Bloomberg жазады.
Маусым-тамыз айларында теңгенің Қытай мен Ресей валюталарына қатысты орташа айлық сауда көлемі екі есе өсіп, 893 миллион юань (127 миллион доллар) және 86 миллиард рубльді (925 миллион доллар) құраған. Оған Мәскеу биржасында АҚШ валютасымен сауда-саттықтың тоқтауы себеп. Соның салдарынан ресейлік валюта көлемінің бір бөлігі Қазақстанға қарай «ағылды».
Америка Құрама Штаттарының санкциялары салдарынан ресейлік банктер Қытаймен төлем жасауға қажетті валюталық операциялар үшін Қазақстанды таңдаған.
Сонымен қатар басылым АҚШ-тың Ресей Федерациясына қатысты шектеулері KASE-де юань және рубльдегі операцияларды ынталандырғанына назар аударады. Қазақстан қор биржасында юань-доллардың саудасы маусым-тамыз аралығында 1,63 млрд долларды құраған.
12 маусымда АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Мәскеу биржасы мен оның құрамындағы Ұлттық клиринг орталығын SDN тізіміне енгізді. Бұл оның америкалық банктер мен депозитарийлердегі шоттарын бұғаттауды, сондай-ақ АҚШ азаматтары мен тұрғындары үшін ынтымақтастыққа тыйым салуды білдіреді. Содан кейін Орталық Азия елдеріндегі банктер ресейлік компаниялардың ақша аударымдарын өткізуден жиі бас тарта бастаған.