Жаңалықтар

Президент Ұлттық ұлан сарбазын пойызда соққыға жыққандарды анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды

военнослужащие
Ұлттық ұлан сарбазын ұрғандар анықталды / Фото: shutterstock

Президент Қасым Жомарт Тоқаев пойыз тамбурында Ұлттық ұлан сарбазын соққыға жыққандарды анықтап, Ішкі істер министріне кінәлілерді жазалауды тапсырды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді. Бұған дейін әлеуметтік желіде сарбазды ұрып жатқаны таспаланған видео тараған.

Баспасөз хатшысы жазбасының ізін ала Ішкі істер министрлігі сарбазды соққыға жыққандардың кім екені анықталғанын хабарлады.

«Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қаскөйлерді ұстап, заңнамаға сәйкес жауапқа тарту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды», – делінген жазбада.

Берік Уәли әскердегі және басқа да күштік ұйымдардағы зорлық-зомбылықтың барлық фактісі бақылауға алынғанын айтып өтті.

Содан кейін Ішкі істер министрлігі видеодағылардың жеке басы анықталғанын, бұл жайт 2023 жылдың күзінде орын алғанын хабарлады. Әскери борышын өтеп, запасқа шыққан мерзімді әскери қызметшілер сарбазды ұрған.

«Осы факт бойынша 2024 жылғы 23 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 440-бабы 1-бөлігі «Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген хабарламада.

Бүкіл куәгер, жәбірленуші және күдіктілер анықталған. Тергеу барысы Ішкі істер министрі Ержан Саденов жеке бақылауына алған.

Бір айдың ішінде бірнеше әскери қызметкер қайтыс болды. Аягөз бен Павлодарда қайтыс болған әскери қызметшілер суицид жасады деп хабарланды. Ал Маңғыстаудағы полигондағы әскери оқу-жаттығу кезінде бір сарбаз мерт болды.

Бұған дейін қазақстандықтар жастарды әскерге міндеттеп әкетуге қарсы петиция жарияланған.