Жаңалықтар

Түркістан қаласындағы белгілі тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды / Фото: shutterstock.com

Түркістан қаласындағы XIV ғасырдың соңында тұрғызылған белгілі тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды. Премьер-Министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойған.

«Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығы енді мемлекеттік қорғауда болады.

 «Оның маңыздылығы мен тарихи-мәдени құндылығын ескере отырып, сондай-ақ оның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығын мемлекеттік қорғауға жататын объектілер тізбесіне енгізу туралы шешім қабылдады», – делінген хабарламада.

Кесене – ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген алғашқы қазақстандық нысан және ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіші. Кесене түркі ақыны және сопылық ілімнің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи жерленген жерде тұрғызылған.

2023 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беруді қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауидің 930 жылдығына орай «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесі қарастырылмақ,

Сонымен қатар ел үкіметі кесене орналасқан Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріп, республикалық бюджеттен қаржыландыруды жоспарлап отыр. Қалаға жыл сайын 60 млрд теңге бөлінбек.