Lifestyle

Жоғарғы сот оқушы қыздарға мектепте орамал тағуға рұқсат берді

хиджаб
Жоғарғы сот қыздарға мектепте орамал тағуға рұқсат берді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстан Жоғарғы соты «балалардың білім алуға құқығын шектемеу үшін»  оқушы қыздарға мектепке орамал тағып баруға рұқсат берді. Бұл туралы өзінің Instagram парақшасында құқық қорғаушы Жаслан Аймағамбетов жазды.

«Жоғарғы сот қыз балалардың мектепке орамал тағып келуіне қатысты мәселенің нүктесін қойды. Сот облыстық сот қаулысының күшін жойып, мұндай шектеулер білім алу құқығын бұзатынын мойындады. Балалардың құқықтарын қорғауға бірнеше заңгерлер мен белсенділер қатысты. Әркім өз үлесін қосты», – деді құқық қорғаушы.

Оның айтуынша, мұндай шешімді осының алдында төрт өңірдегі сот та қабылдаған. 

«Министрлік орамалмен күресіп жүрген кезде Қазақстанда балалар арасында суицид пен зорлық-зомбылық көбейді, бұл өте өкінішті. Қалай болғанда да, сот министрліктің ұстанымына емес, заң нормаларына қарап отырғаны қуантады», — деп атап өтті ол.

«Курсив» осы ақпаратты растау үшін Жоғарғы сотқа жүгінді. Материал жарияланған кезге дейін жауап келген жоқ.

Еске салсақ, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептердегі хиджаб мәселесі шешілген, орамал тағуына байланысты мектепке бара алмай жүрген оқушы жоқ деп мәлімдеген еді. Министр қыркүйектің басында хиджаб кигеніне байланысты 150-ден астам қыз мектепке бармағанын, бірақ кейін ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтып өтті.

Ал Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қауіпсіздік мақсатында нақты хиджабқа емес, бетперделі киімдерге қатысты заң нормалары қарастырылатынын айтқан болатын. Министр сөзінше, паранжа мен ниқабқа қатысты мәселе заңдық негізде қаралуы мүмкін.