АЭС референдумына қатысты өңірлерді аралаған сенаторлар халыққа не айтты?
Сенат депутаттары Қазақстандағы АЭС салу референдумына қатысты өңірлерде халықпен кездесу өткізді. Сенат баспасөз қызметі жариялаған ақпаратқа сүйенсек, кездесу барысында депутаттар станцияның маңызы мен мақсаты туралы сөз қозғаған.
АЭС салуды қолдау жөніндегі халық штабы деп аталған шара аясында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері Ақсу, Павлодар қалаларында болып, АЭС салу мәселесіне қатысты референдумның маңызы мен мәнін талқылаған.
«Референдумның маңызы мен міндеттерін жан-жақты түсіндіру үшін Халық штабы құрылды. Оның құрамында депутаттар, партиялар мен түрлі ұйымдар және ел ертеңіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар бар. Түсіндіру жұмыстары барлық облыста, қалада және ауылда кеңінен жүргізіліп жатыр. Осы орайда азаматтарымыздың белсенділігі, бастамашылдығы және ел ертеңіне бей-жай қарамайтындығы қуантады», – деді Әшімбаев.
Сенатор Амангелді Толамисов Жетісу облысындағы Жаркент қаласында болып, Атом электр станциясының экологиялық таза әрі қауіпсіз екендігін сөз еткен. Станция құрылысы көмірді пайдалануды едәуір азайтып, ауа сапасын жақсартып, жаңа жұмыс орындарын ашатынын алға тартқан.
Нұрия Ниязова, Жанна Асанова және Бекболат Орынбековтер Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен және арнаулы орта білім беру орындарының ұжымдарымен кездескен.
«Табиғи уранның бір килограммы 10 тонна көмір өндіретіндей энергия береді. Бұл атом энергиясының қаншалықты тиімді екенін айқын көрсетеді. Еліміздің өсіп келе жатқан қажеттілігін қанағаттандыру үшін бізге сенімді және экологиялық таза энергия көзі қажет. Атом электр станциясы бізге дәстүрлі көздерге тәуелділікті азайтуға және азаматтардың орнықты болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді сенатор Асанова.
Нұртөре Жүсіп, Нұрлан Бекназаров және Айгүл Қапбаровалар АЭС салу тақырыбына орай Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті. Сенаторлар 1000 МВт станция өндіріс шығарындысын 4 миллион тоннаға қысқартуға мүмкіндік беретінін алға тартты.
«Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін АЭС құрылысы маңызды қадамға айналды. Өйткені біз электр энергиясының жетіспейтін бір бөлігін шетелден аламыз. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігіне әсер етеді және бұл мәселені шешу үшін нақты шаралар қажет. АЭС салу мен пайдалану энергетика секторына ғана емес, ғылымға, техникаға және жалпы өнеркәсіпке де айтарлықтай пайда әкеледі», – деді Нұрлан Бекназаров.
Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев Жамбыл облысындағы Шу ауданында болып, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен референдум өтетіні айтылды. Сенаторлар атом электр станциясының құрылысы қазіргі уақытта еліміздің энергетикалық қажетін шамамен 70%-ға қамтамасыз ететін әрі қоршаған ортаға зиян келтіретін көмір электр станцияларына тәуелділікті айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретінін атап өткен.
Әли Бектаев Түркістан облысында болып, Бәйдібек ауданының ауыл шаруашылығы, білім, медицина салаларының қызметкерлерімен және кәсіпкерлермен кездесті.
Депутаттар Ләззат Рысбекова мен Арман Өтеғұлов Батыс Қазақстан Құрылыс материалдары корпорациясы мен Батыс Қазақстан машина жасау компаниясының ұжымдарымен кездесті. Рысбекова халық пен экономиканың өсуі электр энергиясына сұраныстың арта түсуіне әкелетінін атап өтті. Осыған байланысты атом электр станциясы энергия тапшылығы мәселесінде мүмкіндігі зор шешім ретінде қаралып отыр.
Бұған қоса, Шәкәрім Бұқтұғытов Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында, Серік Өтешов пен Сергей Ершов Қарағанды облысының Саран қаласында, Сұлтан Дүйсембинов Алматы облысындағы «Шин Лайн» ЖШС компаниясында және Байсерке ауылдық округінде, Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысында, Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Қызылорда облысында, Нұрлан Бекенов пен Талғат Жүнісов Ақмола облысында, Жанболат Жөргенбаев Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында, Амангелді Нұғманов Ақтөбе облысында халықпен кездесу өткізген.
Еске сала кетейік, Бас прокуратура референдумға қатысты заңсыз сауалнама жүргізуге заңмен тыйым салынғанын хабарлаған болатын. АЭС салуға қатысты референдум 6 қазанға белгіленген.