Астана қаласының әскери соты қызметін асыра пайдаланды деп сотталған бұрынғы төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевтың үкімін өзгертті.
Сот қаулысына сүйенсек, Астана әскери соты генерал-майордың іс-әрекетін «билікті асыра пайдалану» емес, «лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» деп бағалаған. Осыған байланысты сот Күлшімбаевқа үкімді өзгертіп, бас бостандығынан айыруды бас бостандығын шектеу жазасына өзгертіп, сот залынан босатып жіберді.
«Сот алқасы Ақмола гарнизоны әскери сотының 2024 жылғы 6 тамыздағы үкімі Күлшімбаев Ибрагим Тәукесұлына қатысты өзгертуге қаулы шығарды. Күлшімбаевтың іс-әрекеттері ҚР ҚК 450-бабының 1-бөлігімен бағалансын», – деді сот.
Осылайша, шенеунікке 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.
Күлшімбаев өзінің жеке үйін салу үшін әскери қызметшілер мен арнайы техниканы тарту туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық бағынысты мекемелерінің басшылығына заңсыз нұсқаулар берген. Экс вице-министрге билікті асыра пайдаланды деген айып тағылған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ибрагим Күлшімбаев бес жылға сотталған болатын.