Қазақстан «Қашаған» кен орнындағы күрделі жөндеу жұмыстары кезінде шетелден газ импорттауы мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
«Қашаған» жұмысын тоқтатқанда ел газ тапшылығы болмас үшін отын сырт елдерден импортталады / Архив: kursiv.media

«Қашаған» кен орнындағы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты мұнай-газ өңдеу кешені уақытша жұмысын тоқтатады. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.

«Қашаған» кен орнындағы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты мұнай-газ өңдеу кешенін 38 күнтізбелік күнге тоқтату жоспарлануда», – деп хабарлады министрлік.

Күрделі жөндеу жүргізу мерзімдері алдын ала белгіленген. Ведомство ақпаратына сүйенсек, жөндеу кезеңінде ішкі нарықта газ тапшылығы болмас үшін шикізат көрші елдерден импортталуы мүмкін.

Газ экспортына қатысты министрлік «QazaqGaz» ҰК» АҚ Қытайға газ жеткізу жөніндегі жылдық міндеттемелерін толық орындағанын хабарлады.

Айта кетейік, Қазақстанның «Қашаған» кен орнын игеріп жатқан мұнай компанияларына қатысты талап-арыздары 160 млрд долларға дейін өсті. Инвесторларға сыбайлас жемқорлық мәмілелерін жасағаны үшін қосымша 10 млрд доллар қосылып отыр.

Қазақстанда 4 ірі газ өңдеу зауыты салынады. Қашағандағы бір зауыттың құрылысы 2026 жылы аяқталады. Екіншісін пайдалануға беру 2030 жылға жоспарланған. Олардың бірінің жылдық қуаты 1 млрд текше метр, екіншісінің қуаты – 2 млрд текше метр болмақ.

Шілдеде Қазақстан ОПЕК+ келісіміне сәйкес жыл басынан бері асыра орындаған мұнай өндіру көлемін біртіндеп өтеуге міндет алды. 

Сондай-ақ оқыңыз