«Қашаған» акционерлеріне қатысты дау бойынша арбитраждың алдын ала қорытындысы күзде белгілі болады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев айтты.
«Қазір уәждерді зерделеп жатыр. Күздің екінші жартысында алдын ала нәтижелер шығады деп үміттенеміз», – деді Сәтқалиев журналистерге «Қашаған» акционерлерімен арбитраждың қазіргі жағдайы туралы сұраққа жауап бере отырып.
Халықаралық арбитраждық сот 2024 жылдың жазында Қазақстан үкіметінің елдегі ең ірі мұнай-газ кен орындары – «Қарашығанақ» пен «Қашағанды» игеретін операторларға қарсы шағымдарды қарауды бастады.
Bloomberg дерегінше, Қазақстан «Қашағанда» мұнай өндіретін халықаралық компаниялардан 150 млрд доллар көлемінде өтемақы талап етіп отыр.
2023 жылдың сәуірінде Bloomberg Қазақстанның «Қашаған» операторы North Caspian Operating Company N.V.-ға қарсы сотқа шағым түсіргенін хабарлады.
Бұған себеп – халықаралық компаниялардың тендерлік процедураларды бұзып, мердігерлік жұмыстарды толық орындамауы. Қазір Қазақстан арбитраждық шағымдарын 150 млрд долларға дейін арттырған.
«Қашаған» – Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы мұнай-газ кен орны, сондай-ақ елдегі ең ірі халықаралық инвестициялық жоба. Ондағы мұнай қоры 9-13 млрд баррельге дейін бағаланады. Коммерциялық тау-кен жұмыстары 2016 жылдың 1 қарашасында басталды. 2023 жылы кен орнынан 18,8 млн тонна мұнай өндірілді.
NCOC акционерлері KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell (SPB: RDS.A) Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil (SPB: XOM) Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).