2024 жылғы 19 шілдеде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Delta Bank-тің бұрынғы иесі Нұрлан Тілеубаевты аса ірі көлемде ақша жымқырды деп танып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза кескен. Алайда айыпталушы оны ақтауды, үкімді өзгертуді сұраған еді. Алайда сот бұрынғы шешімді өзгеріссіз қалдырды.
«Сотталғанның кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, маманның, сараптаманың және аудитордың қорытындылармен дәлелденгендіктен, үкім өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді», – деп хабарлады Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.
Бұған дейін 2024 жылғы 19 шілдеде сот үкімімен айыптыны кінәлі деп танып, 9 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарында материалдық-жауапты және басшылық лауазымдарға орналасуға байланысты қызметпен айналысу құқығын шектеген. Сонымен қатар 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған.
Нұрлан Тілеубаевтың АҚ-ның мемлекеттің қаражатын аудару жолымен 4 млрд теңгеден астам соманы ұрлап әкеткені дәлелденді.
Бұл қаражат «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне қаржылық сауықтыру үшін түскен.
Сонымен қатар 76 мың тоннаға жалған астық қолхаттары, болашақта 4,8 млрд теңге сомасына ЖШС-ға түсетін ақшалай қаражат, сондай-ақ жалпы саны 16 541 га ЖШС-ға тиесілі ауыл шаруашылығы жер учаскелері кепіл мүлкі болған. Оның 14 767 га-сы ЖШС-ның жер пайдаланушыларының, яғни СҚО тұрғындарының келісімінсіз салынған.
Еске сала кетсек, Delta Bank директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Нұрлан Тілеубаев 2012-2017 жылдар аралығында қайтарылмайтын несие беру арқылы банк қаражатын сыртқа шығарып отырған. Заңсыз несиелер квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың, ірі коммерциялық ұйымдардың депозиттері есебінен берілген. Мемлекетке 138,3 млрд теңге шығын келтірілгені белгілі болды. Осы бап бойынша 2023 жылы сот үкімімен айыпталушы 10 жылға сотталған еді.
Осылайша жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға қосуға байланысты Тілеубаевтың сотталу мерзімі – 10 жыл өзгеріссіз қалды