Жаңалықтар

Air Astana Алматы-Лондон бағытында тікелей рейсті іске қосады

Air Astana Алматы-Лондон бағытында тікелей рейсті іске қосады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Air Astana Алматы-Лондон бағытында тікелей рейсті іске қосады деп хабарлайды әуе компанияның баспасөз қызметі.

Air Astana компаниясы Airbus серіктестігімен бірлесе отырып, өзінің алыс қашықтыққа ұшатын рейстерінің тиімділігін арттырып отыр. Airbus A321LR ұшағына қосымша жанармай бактарын орнату арқылы алыс бағыттарға техникалық тоқтаусыз тікелей ұшуға мүмкіндік жасалды.

Әуе компаниясы 2024 жылдың 4 қазанынан бастап, Air Astana Алматы – Лондон бағытындағы тікелей рейсті қайта іске қоспақ. Алматыдан бұл бағыт 2022 жылдың наурыз айынан бері Ақтау қаласында техникалық тоқтаумен орындалып келген. Жаңа өзгерістердің арқасында ұшу уақыты 1 сағат 30 минутқа қысқарып, жалпы ұзақтығы 9 сағат 35 минутты құрайтын болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан АҚШ-қа тікелей рейсті 2025 жылы ашуды жоспарлап отырғанын жазған едік.

Air Astana әуе компаниясы 2026 жылға қарай Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Компания 2025 жылға дейін Boeing ұшағына тапсырыс беріп қойған, тапсырыс уақытында келсе, Америкаға тікелей рейс те ертерек ашылатын болады. Бұл туралы Астана қаласында өткен Азаматтық авиация комитетінің дөңгелек үстелінде Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді.