Жаңалықтар

Ливандағы жағдайдың шиеленісуі: елшілік Қазақстан азаматтарына маңызды ескерту жасады

Ливандағы Қазақстан елшілігі ескерту жасады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ливандағы саяси және әлеуметтік жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты осы елдегі Қазақстан елшілігі отандастарымызды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

«Ливандағы жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты осы елдегі Қазақстан азаматтарын қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз ұстануға тағы да шақырамыз. Атап айтқанда жергілікті билік орындарының нұсқауларын мүлтіксіз орындап ел ішіндегі жүріс-тұрысты мейлінше азайтқан жөн

Сонымен қатар Оңтүстік пен Бекаа жазығындағы азаматтарға ахуал оңалғанша салыстырмалы түрде қауіпсіз саналатын елдің орталық және солтүстік өңірлеріне уақытша көшу және халықаралық рейстер барында Ливаннан кете тұру мәселелерін қарастыруға кеңес беріледі», – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 23 қыркүйек, дүйсенбі күні, Израиль «Хезболла» ұйымының Ливандағы нысандарына жасаған әуе шабуылынан 492 адам қаза тауып, мыңдаған адам босып кетті.

17-18 қыркүйек күндері Ливанда «Хезболла» мүшелеріне тиесілі пейджерлер мен рация құрылғылары жарылды. Қазіргі уақытта Ливандағы ахуал ушығып тұр. Израиль әскерилері «Хезболланың» 800 нысанын соққыға алған.