Жаңалықтар

АЭС салынуы мүмкін Балқаш көлінде судың қалыпты деңгейін сақтап тұру үшін Қазақстан үкіметі Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатыр

Балқаш көлінің қалыпты деңгейін сақтап тұру үшін Қазақстан Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатыр /Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Балқаш көлінің қалыпты деңгейін сақтау үшін Қазақстан үкімет Қытай үкіметімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева айтты.

«Қазақстан мен Қытай екі ел арасындағы трансшекаралық су ресурстарын бөлу туралы үкіметаралық келісімнің жобасын әзірлеп жатыр. Құжатты екі мемлекеттің мамандары кіретін бірлескен жұмыс тобы әзірлеуде. Келісімнің мақсаты – Балқаш көлін қалыпты деңгейде сақтауға кепілдік беретін су көлемінің түсуін қамтамасыз ету», – дейді министрлік өкілі.

Әбдуәлиеваның мәліметінше, Іле өзеніндегі «Добын» шекара маңы гидрологиялық бекеті арқылы Қазақстанға осы жылдың 8 айында 7,6 млрд текше метр су келген. Ал өткен жылы бұл көлем 6,2 млрд текше метрді құраған.

Дәл солайша басқа да трансшекаралық өзендерден келетін су көлемі артқан. Мәселен, Ертіс өзені арқылы 10 млрд текше метр су келген. Бұл өткен жылғы көлемнен екі есе көп. Ресейден Жайық өзені арқылы 15,2 млрд текше метр су келген. 2023 жылы бұл көлем 6,8 млрд текше метрді құраған.

Нәтижесінде жыл басынан бері Балқаш көліне 12 млрд текше метр, Каспий теңізіне 7,4 млрд текше метр су жіберілген.

Судың артық келуіне байланысты, соңғы 10 жылда алғаш рет Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы 100%-ға толған. Жалпы жиналған су көлемі 18 млрд текше метрден асқан. Ал Қостанай облысындағы Тобыл өзеніне 24 жылдан бері алғаш рет өте көп мөлшерде су келген.

Еске сала кетсек, АЭС салынатын қолайлы орын ретінде Балқаш көлімен шектесетін Үлкен ауылы таңдалған. Эколог Мэлс Елеусізовтің айтуынша, Балқаштың орташа тереңдігі небәрі 6 метр ғана. Қоршаған ортаны қорғаушылар дабыл қағып, көлдің қазіргі жағдайы нашарлап кеткенін, оның жыл сайын суалып жатқанын айтқан болатын. Осы орайда Елеусізов АЭС-тің Балқашқа орны толмас зиян тигізетінін айтады.

«Нәтижесінде Балқаш өледі. Барлық тіршілік атаулы өледі. Біз мұнда АЭС салу мәселесін емес, Балқашты құтқару мәселесін ойлауымыз керек. Өдеріңіз де білесіздер, Қазақстан мұздықтарының 44 пайызы еріп бітті. Іле өзені жақын арада суалып, көлге су жеткізе алмай қалады»,- деп ескертті эколог.