Арал және Каспий ойпатынан жаңа кен орындары анықталды: Сәтқалиев геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі туралы айтты

Жарияланды
Арал және Каспий ойпатында геологиялық барлау жұмыстары жақсы нәтиже берген / Фото: shutterstock

Қазақстанның кен байлықтарын барлау бойынша жүргізілген жұмыстар нәтиже беріп жатыр. Бұл жайлы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

Министрдің айтуынша, Арал мен Каспий маңы ойпаттарында жүргізілген барлау жұмыстары нәтиже берген.

«Біз геологиялық барлау жұмыстарының көлемін арттырдық. Өзіңіз білесіз, Қазақстанның бұл орайда әлеуеті зор. Бүгінгі күннің өзінде Арал мен Каспий маңы ойпатында барлау жүргізіліп, елеулі нәтижеге қол жеткіздік. Сонымен бірге біз терең бұрғылау тәжірибесін енгізіп жатырмыз», – деді Сәтқалиев.

Министр кен орындарынан қандай шикізат қоры анықталғанын, кен орындарын игеру қалай жүзеге асырылатынын, қандай инвесторлар тартылғанын нақтылап айтпады.

Сәтқалиев QazaqGaz бен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларының шикізаттық базаны дамытуға басымдық беретінін атап өтті.

Айта кетсек, вице-премьер Роман Скляр Арал бассейнінің шикізат әлеуетін бағалауға үкіметтің 6,3 млрд теңге жұмсайтынын айтқан болатын. Үкімет Арал өңіріндегі тұзды көлдердің суынан литий іздестіріп жатыр. «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Ғалиевтің айтуынша, Қазақстанның үш облысында литий әлеуетін зерттеу жұмысы жүргізіледі. Шығыс және оңтүстік-шығыс бөліктерде бастапқы литий шөгінділері болжанады.

Жалпы жер қойнауын зерттеуге Үкімет 50 млрд теңге жұмсауды көздеп отыр. Оның 13 млрд теңгесі мемлекет резервінен бөлінеді. Жылдар бөлінісінде алатын болсақ, 2024 жылы – 9,7 млрд теңге, 2025 – 15,9 млрд теңге, 2026 – 11,4 млрд теңгені барлауға жұмсау көзделіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз