Жаңалықтар

«Ресей кедергі келтіріп отыр»: астық трейдерлері көрші ел аумағы арқылы Еуропаға бидай тасымалдау қиындағанын айтты

Ресейдің шектеулеріне байланысты қазақстандық астық трейдерлері Еруопаға бидай жеткізе алмай отыр / shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстан үкіметі шетелден астық импорттауға тыйым салған соң, елдің астық трейдерлері Ресей аумағы арқылы Еуропаға бидай тасымалдау қиындағанын айтты. Қазақстан Астық одағының өкілдері Астанада өткен Agricom форумында экспортпен айналысатын кәсіпкерлердің шығыны көбейгенін мәлімдеген.

«Жалпы бидай импортына тыйым салу, ең алдымен, ресейлік бидайға тыйым салу екенін жақсы түсінеміз. Ресей бидайына тыйым салғаннан кейін, бұл ел тарапынан тиісті жауап болатыны анық еді. Отандық экспорттаушылар негізінен астықты Еуропаға, Түркияға Ресей Федерациясының аумағы арқылы тасымалдайды. Осы орайда біз көрші елдің экспорттаушылар үшін белгілі бір қиындықтар туғызатынын алдын ала болжадық. Қазір сол кедергіге тап болдық», – дейді Астық одағының басшысы Нұрлан Оспанов.

Оспановтың айтуынша, Россельхознадзор арнайы шектеулер енгізген. Салдарынан қазақстандық екі экспорттаушы Еуропаға астық жеткізе алмай қалған. Енді жеткізілім мерзімі ұзарған компаниялардың шығыны да артып жатыр.

«Бүгінгі форумда Ақтөбеден келген кәсіпкер Россельхознадзор тарапынан кедергілер туындап, Еуропаға бидай жеткізе алмай отырғанын айтты. Ол вагондарға тиелген бидайын теңіз кемесіне жеткізе алмай, шығынға батып отыр. Ал кемені жалдауға кәсіпкер 70 мың доллар төлеген. Одан бөлек Ресей станциясының аумағында тұрып қалған вагондар үшін шамамен 50 мың доллар айыппұл төлеген. Бұл мәселемен біз Сауда министрлігіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүгіндік. Бірақ түсінгенімізше, мәселе жақын күндері шешіле қоймайтын секілді», – дейді ол.

Қауымдастық өкілі бидай импортына толық тыйым салу мәселесі қозғалған кезде, бұл шешімге қарсылық білдіргенін айтады. Өйткені трейдерлер осындай қиындықтар туындайтынын алдын-ала болжаған. Мұндай қиындықтар туындамас үшін одақ өкілдері басқа шешім тапқан. Олар Ресей Федерациясынан бидай әкелетін компанияларға арзан бағада келген шетелдік бидайдан өңделген ұнмен ішкі нарықты қамтуды міндеттеуді ұсынған. Бұл бидай өңдеушілерінің импорттық өнімге деген сұранысының төмендеуіне жол ашатынан айтады трейдерлер.

«Осылайша, біз тыйым салмай-ақ, импортты тоқтататын едік. Бірақ үкімет бұл ұсынысымызды қабылдамады», – дейді одақ өкілі

Қазақстан жаңа нарықтық бағыттар бойынша бидай экспортын 2 миллион тоннаға арттыру міндетін қойып отыр. Бірақ трейдерлер бұл жоспардың Ресейдің тосқауылдарына байланысты орындалмауы мүмкін екенін айтады.

«Бұл жерде біз Ресей Федерациясының қандай тосқауылдар қоятынын болжай алмаймыз. Өйткені көрші аумағы арқылы олардың порттарына немесе Балтық жағалауы елдерінің порттарына өту үшін біз транзиттік жоспарды алдын-ала келісуіміз керек. Біздің экспорттаушылар Ресей Федерациясының тиісті әкімшілігіне хабарласып, құжат ұсынады. Онда 42-45 вагонға дейін өтінім бере аламыз. Бірақ Ресей бізге 15 вагонға ғана рұқсат беруі мүмкін. Мұндай жағдайда біз бидай экспорттай алмаймыз. Бұл не ары, не бері емес норма саналады. Ондай көлемде кемеге астық жүктеудің еш пайдасы болмайды. сол үшін бұл іске Сауда және интеграция министрлігі араласуы қажет», – дейді одақ басшысы.

Трейдерлерге шетел транзитіне тәуелділікті азайтып, Транскаспий дәлізі арқылы Еуропаға шығу туралы ұсыныс айтылған. Алайда астық экспорттаушылар бұл бағыт арқылы жүк тасымалдау қымбатқа түсетінін айтқан. Оның үстіне қайта-қайта түсіріп-тиеген сайын бидай сапасы нашарлай түседі.

«Тыйым салу мерзімі осы жылдың соңына дейін жалғасады. Бұл мерзімнен кейін үкімет тыйымды одан әрі ұзартпайды деп сенеміз», – дейді Оспанов.

Еске сала кетсек, Ресей бидайы ішкі нарық пен экспорттық бағыттарға қысым көрсете бастағандықтан, Қазақстан бидай импортына тыйым салған болатын. 2024 жылдың алғашқы 5 айында елге Ресей Федерациясынан 1 млн тоннадан астам бидай әкелінген. Осыған орай Сенат депутаты Арман Өтеғұлов  үкіметке саул жолдап, Қазақстанның жаңа экспорттық бағыттар тауып, бидай өңдеу саласын дамытуға көңіл бөлуін сұраған болатын.