Жетісу облысындағы Қызылтас археологиялық кешенінде диорит өндіруге тыйым салынды

Жарияланды
диорит
Қызылтас археологиялық кешенінде диорит өндіруге тыйым салынды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жетісу облысында орналасқан Қызылтас археологиялық кешенінде диорит өндіруге тыйым салынды. Бұл жайлы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабай айтты.

Талдықорған қаласының инфрақұрылымдық нысандарын аралау барысында қоғам белсенділері әкімнен облыс орталығының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Қызылтас шатқалының жағдайын сұраған. Өңір басшысы петроглифтер тұрған жерлерде диорит өндіруге түбегейлі тыйым салынатынын мәлім еткен.

Әкім Қызылтастың бірегей петроглифтері жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізілгеніне тоқталып:

«Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында президент бай мәдени мұрамызды сақтау үшін бірегей тарихи нысандарымызды, атап айтқанда, петроглифтерді бүліну мен вандализмнен қорғау қажет екенін айтты. Экологтармен, жұртшылықпен, құзырлы органдармен бірлесіп, «Тасбақа» тас пен жартастағы петроглифтерді сақтау үшін қажетті шараларды қабылдадық. Карьерді игеру заң аясында тоқтатылды», – деп мәлімдеген өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, тиісті сот шешімі бар. Соның негізінде барлық кен игеру жұмыстары тоқтатылып, «Тасбақа тас» ашық аспан асты мұрасын бірінші кезекте жергілікті, одан кейін облыстық маңызы бар ерекше қорғалатын тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізу үшін тиісті шаралар қабылданбақ.

«Алдағы уақытта қала тұрғындарының сүйіспеншілігіне бөленген бұл бірегей нысанды одан әрі дамытып, тарихи мұра ретінде сақтап қалу үшін бар күшімізді саламыз,»– деді әкім.                                                                                                                            

Осыған орай Жетісу облысының әкімі 3 қазанда Қызылтас жотасының бойында «Таза Қазақстан» республикалық акциясын өткізбекші. Әкім өңір халқын экоакцияға қатысуға шақырған.

Айта кетсек, 2023 жылы бұл жерде диорит өндірумен айналысатын кен орны ашылған болатын. Жетісу халқы компанияның бірегей тарихи мұра саналатын, суреті бар қойтастарға қауіп төндіргенін айтып, әкімдікке шағым түсірген. Әкімдік бұл мәселені ескі тастарды басқа орынға көшіру арқылы шешетінін айтқан. Арнай жұмыс тобы құрылып, кен өндіру ісіне кедергі келтіргеннен гөрі, тарихи мұраларды басқа жерге көшіруді жөн деп тапқан.

Диорит – интрузиялық орта магмалық тау жынысы. Бұл шикізат қазіргі уақытта құрылыста жиі пайдаланылады. Сонымен бірге тас ескерткіштер үшін де бұл таптырмас материал саналады.

Сондай-ақ оқыңыз