Мәскеудегі Wildberries кеңсесіне шабуыл жасағандар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл жайлы сот құжаттарында жазылған.
Мәскеудің Басманный соты шабуылға қатысы бар 30 күдіктіні қамауға алу туралы үкім шығарған. Сот құжаттарында оларға кісі өлтіру, сондай-ақ кісі өлтіруге оқталу, құқық қорғау органының қызметкеріне шабуыл жасау, заңсыз қару айналымы және озбырлық әрекеттер жасау баптары бойынша айыптар тағылған.
Аталған 5 қылмыстың үшеуі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру нормалары қарастырылған. Шабуыл жасаушылардың «қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы» «саналы түрде» әрекет ету фактісі олардың жазасын ауырлата түспек.
Еске сала кетсек, Мәскеудегі Романов көшесінде орналасқан Wildberries кеңсесінде 18 қыркүйек күні атыс болған еді. Салдарынан жеті адам ауыр жараланған және екі адам қаза тапты. Жараланғандар арасында екі полиция қызметкері бар.
Wildberries компаниясы таратқан мәліметке сәйкес, атысты Владислав Бакальчук ертіп келген адамдар ашқан.
19 қырүйекте Wildberries кеңсесіндегі атысқа қатысы бар деген күдікпен компанияның бұрынғы басшысы Владислав Бакальчук қамауға алынды.
Оған Ресей Қылмыстық кодексінің бірнеше баптары бойынша айып тағылған. Олардің ішінде – кісі өлтіру, кісі өлтіруге оқталу, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне оқталу және өз бетімен әрекет ету баптары бар.
Іске қатысты тергеу амалдары басталған. Компанияның тең құрылтайшысы жанжалды кім және не себепті бастағанын анықтау үшін тергеу органдарының өкілдеріне барлық қажетті ақпаратты беретінін мәлімдеген.