Әл-Бейне Зарипованы өлтірген күйеуі Сабыржан Зариповке 15 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шықты.
Сот оған бір компанияның пайдасына 4 700 000 теңге көлемінде материалдық шығын, бес жәбірленушіге 20 000 000 теңге моральдық шығын өтеуді міндеттеді.
Биыл қаңтар айында Әл-Бейне Дубайдан оралып, қызын көру үшін жұбайымен кездеседі. Сол жерде ажырасу туралы сөз қозғаған. Күйеуі қызғаныштан ашуға басып, қолына пышақ алып, 10 мәрте соққы жасаған. Әйел сол жерде қаза болады.
Сабыржан Зарипов әйелінің телефонын алып, марқұм жұмыс істеген компанияның шотынан өзінің жеке кәсіпкерлік шотына 4 700 000 теңге аударып алыпты. Содан кейін полицияға өзі хабарласып, адам өлтіргенін мойындаған.
Ол қатты ашумен қолын қанға бояп алдым дейді.
Марқұмның туыстары 20 жыл мерзім беруді талап еткен болатын.
Айта кететін жайт, 42 жастағы Әл-Бейне Зарипова Қазақстандағы FlyDubai компаниясының қаржы директоры болған. Күйеуімен 15 жылдай отасқан, араларында бір қыз бар. Қызы қазір 12 жаста.
Елімізде әйелдердің құқығын қорғайтын заң шығып, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдады. Бұған дейін бұрынғы экономика министрі Қуандық Бішімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтіргені үшін кінәлі деп табылып, 24 жылға бас бостандығынан айырылды.