Мұнайды таяз жерден оңай өндіретін дәуір артта қалды. Қазір елімізде 4-5 шақырым тереңдіктен мұнай барлау жұмыстары басталған. Қытай 10 шақырымға дейін қазса, АҚШ, Бразилия да бұдан тереңге ұңғы жіберіп жатыр. Қазақстандық Мұнайшы геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов осындай мәлімдеме жасады.
Бүгін, 25 қыркүйекте, Алматыда Энергетикалық жобаларды іске асырудағы халықаралық әріптестетік» конференциясында «Қазақстандағы геологиялық барлау мен кен орындарын игеру мүмкіндіктерін анықтау» мәселесі қаралды. Оған еліміздегі мұнай-газ салаларының мамандары қатысты.
«Барлаушылардың болжамынша елімізде көп кен орындары бар. Бірақ барлауға қатысты белсенді жұмыстар жүргізілген жоқ. Заңдарға көп өзгеріс енгізілді. Геологиялық барлау өз уақытын күтіп отыр. Мәселен, Қызылордада 5,5 шақырым тереңдікте ұңғы қазылды. Маңғыстауда да осындай жобалар қолға алынып жатыр. Бұл оңай шаруа емес. Тереңдігі 1-2 мың метр болса, құны қымбатқа түседі. Озық технология керек. Бұдан былай үлкен тереңдіктерде жұмыс істейтін боламыз», – деді Балтабек Мұханұлы.
Оның айтуынша, былтыр қазан айында Президент Тоқаев барлау саласындағы ардагерлермен кездесіп, барлау мәселелерін талқылаған. Мұнайды жоғары деңгейде өндіру ұзақ уақыт сақталып келді. Енді еліміз жаңа кендерге мұқтаж.
«ҚазМұнайГаз» АҚ Геология және барлау департаментінің директоры Олжас Бегімбетовтің сөзіне қарағанда, компанияның алдындағы басты мақсат – ресурстық базаны күшейту. Сондай-ақ жаңа жерлерде барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Оңтүстік Торғай, Қызылорда және Маңғыстауда жақсы нәтиже күтуге болады.
«Барлау жобалары бар. Қаратон Теңіз, Корелевты жеңіл жобаларға жатқызуға болады. Тайсойған, Қаражар жобалары да қолға алынды. Батыс Қазақстанда, атап айтқанда Ақтөбе мен Маңғыстаудан перспектива күтіп отырмыз», – деді Олжас Бегімбетов.
Геологиялық барлау газ мәселесін де шеше алады. QazaqGaz геологиялық барлау перспективалық жобалар бойынша басқарма төрағасының орынбасары Ұлан Бүркітбаевтің айтуынша, бүгінде табиғи газдың расталған қоры 3 ірі ұңғымаға тиесілі. Басқа да көлемдер бар. Бүгінде газдың ресурстық базасын көбейтуді жоспарланып отыр.
«Тұтынуды қанағаттандыру үшін өзіміздің ұңғымаларды көбейтуді жоспарлап отырмыз. Еліміздің негізгі пайдаланушысы – оңтүстік – оңтүстік шығыс. Бұл жерде кен орындары жоқ. Газды тасымалдаймыз. Жер асты-жер үсті газ қоймаларын қалыптастырамыз. Инвесторларды тарту үшін барынша жағдай жасаймыз. Геология барлауға 6-10 жыл уақыт керек. Сондықтан кеш болмас үшін барлық амалды жасау қажет», – деді Ұлан Бүркітбаев.
KazENERGI қауымдастығының атқарушы директоры Фархат Абытовтың пікірінше, Қазақстанда орасан зор газ бен мұнай қоры бар десекте, оны өндіруге шамамыз келетіні де, мүмкіндігіміз жетпейтіндері де бар. Сондықтан интернетте айтылып жатқан нақты сандарға иек арту орынды емес.
«Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқармасының төрағасы Ерлан Ғалиев Арал теңізінде барлау жүргізіліп жатқанын айтты. Бірақ оның өзіндік қиындықтары бар екен. Мәселен, мезозой қабатын зерттеу оңай болса, палеозой қабаты қиынға соғып тұр. Бұл жұмыс биыл аяқталуы тиіс.
Ол шетелдік инвесторларды тартудың маңызына тоқталды. Мәселен, АҚШ және Ұлыбритания елдерінің өздерінің геобарлау компанияларына Қазақстандағы барлау жұмыстарын жүргізуге қаржы бөліп жатыр.
Мұның алдында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев барлау жұмыстарының нәтижелері туралы пікір білдірген еді.