Жаңалықтар

Қытайлық CITIC Construction Алматы облысында астық өңдейтін зауыт салмақ

Оның қуаттылығы жылына 300 000 тонна/ Фото: kursiv.media мұрағаты

Қытайлық компания Алматы облысында қуаттылығы жылына 300 000 тонна болатын астықты терең өңдейтін зауыт салады.  Жоба еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту аясында жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа зауыт мальтозалық шырын, фруктозалық шырын, кристалды фруктоза, аллюлоза, кристалды дектроза, натрий глюканаты және басқа да өнімдер шығаратын болады.

Жобаның инвесторы – CITIC Construction деп аталатын Қытай компаниясы. Инвестицияның жалпы көлемі 1,07 млрд долларға жуық. Ал өнімнің жалпы құны – 1,87 млрд доллар. Жоба бойынша 2 000 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Зауыттың салынатын орны да белгілі. Ол үшін Алматы облысындағы «Қазбек бек» индустриалды аймақ таңдалынып алынған.  

Бұл жоба ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен Қытай делегациямен кездесу кезінде егжей-тегжейлі талқыланды. Делегация құрамында CITIC Construction-ның ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту жөніндегі кеңесшісі Янь Цзинши, Shanghai Sidacheng Biotechnology Co., Ltd, Shandong Jincheng Pharmaceutical, Fengshang Huinong өкілдері болды.

Қазіргі кезде нысанға қажетті инфрақұрылымдарды дер кезінде тарту мәселелері қаралып жатыр.

Мұның алдында Үкіметтің елде қант зауыттарын салуға Қытай инвесторларын тартуды көздеп отырғаны жөнінде жазғанбыз.