Тамызда БЖЗҚ-ның таза пайдасы 15,4%-ға өсіп, 19,4 млрд теңгені құрады
2024 жылғы қаңтар-тамызда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының таза пайдасы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 15,4%-ға өсіп, 19,4 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Ұлттық банктің ай сайынғы есебінде жазылған.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 3%-ға (18,8 млрд теңге) артты. БЖЗҚ-ның міндеттемелері 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 4,8 млрд теңгені құрады. Бұл 1 тамыздағы көрсеткіштен 0,5%-ға, ал өткен жылмен салыстырғанда 76,5%-ға аз.
2024 жылғы қаңтар-тамызда қордың меншікті капиталы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 0,8%-ға өсті. Ал жылдық көрсеткіш 10,5%-ға артты. БЖЗҚ активтері 301,9 млрд теңгені құрады. Бұл қаңтар-шілдемен салыстырғанда 0,8%-ға жоғары. 2023 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда көрсеткіш 11,1%-ға өсті.
Айта кететіні, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының шоттарындағы зейнетақы активтері 20,9 трлн теңгеден асты. Жыл басынан бергі сегіз ай ішінде 3 трлн теңгеге немесе 17% өсті. БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының жылдық өсімі – 4,1 трлн теңгені құраған.
Қордың хабарлауынша, жинақтардың 96,25%-ы міндетті зейнетақы жарналары. 1 қыркүйекте оның көлемі шамамен 20,1 трлн теңге болды. Бір жылдық өлшеммен алғанда 23,9%, жыл басынан бері – 16,3% өскен.