Антикор «Астана Банкінің» бұрынғы акционері Олжас Тоқтаровты жауап алуға шақырды
Антикор «Астана Банкі» АҚ-ның бұрынғы мажоритарлық акционері Олжас Тоқтаровты жария түрде тергеуге қатысуға шақырды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Экс-акционер Олжас Тоқтаров пен өзге де сыбайластарына жалған агенттік атынан қызмет көрсету және «SKK Tennasy Group» ЖШС-ның пайдасына Алматы қаласындағы бизнес-орталық ғимаратын заңсыз иеліктен шығару арқылы банк активтерін жымқырғаны үшін айып тағылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Тоқтаровқа шақырту қағазын жіберген. Бірақ күдікті Қазақстан аумағынан тыс жерде жүргені белгілі болды. Сол себепті Антикор күдіктіні шақыру туралы хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялады.
«Қазіргі уақытта тергеу нәтижесінде ауыр қылмыс жасауда жиналған дәлелдемелер күдікті О. Тоқтаровтың әрекеттерін ҚР ҚК 28-б. 3-б., 189-б. 4-б. 2-т. және 189-б. 4-б. 2-т. бойынша саралауға мүмкіндік берді», – деген агенттік экс-акционерге Астана қаласындағы әкімшілік ғимаратқа 26 қыркүйек күні өз еркімен келіп, тергеушіге жолығу керек екенін ескертті.
Бұған дейін Антикор «Astana LRT» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданды ақпарат құралдары арқылы шақырған. 2023 жылы LRT ісі бойынша елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен LRT ЖШС директоры болған Талғат Арданды 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі шықты.