Каспий бойында жылына 300 мың турист қабылдайтын жаңа курорт қала салынады
Маңғыстау облысы Кендірлі курорттық аймағын дамытуды көздеп отыр. Осы аймақта туристік қала салынады. Жаңа кент жылына 300 мың адамды қабылдамақ. Қазіргі уақытта инженерлік инфрақұрылым құрылысы басталды.
«Кендірлі теңіз жағалауының ерекшелігі – шомылу маусымының ұзақтығы. Географиялық орналасуы да маңызды рөл атқарады. Ол өзінің бірегейлігінің арқасында туристерді тартуға ыңғайлы. Осыған байланысты Президент Кендірлі туристік аймағын құру бойынша нақты тапсырма берді. Біз тиісті инфрақұрылымы бар және туристерге қызмет көрсететін арнайы туристік қалашық салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Жаңаөзен қаласының негізгі жүктемесінің төмендеуіне жақсы әсер етеді», — деді Премьер-Министрге есеп берген Кендірлі ауылының әкімі Мекен Үйсенов.
Өңірдің туристік әлеуетін нығайту мақсатында бірнеше инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген:
- Халықаралық әуежай жобасы,
- тәулігіне 50 мың шаршы метр су тұщытатын зауыт;
- «Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы» жолы орташа жөндеу.
Туризм саласына тартылған инвестициялар динамикасы, өткен жылмен салыстырғанда, 2 есе ұлғайды.
«Бұл курорттық аймақта әуежайдың құрылысы жоспарланған, бұл көлікке қол жеткізуді жақсартады. Маңғыстауда әртүрлі табиғи ландшафт, көптеген мәдени және тарихи нысан бар. Жылы теңіз де көрнекті орын. Жақын арада Каспий өңіріндегі жеке инвесторлар үшін барлық жағдай жасалатын болады. Маңғыстау мен Кендірлі туризм картасында Ақтау ривьерасының жарқын жауһарына айналады»,— деп атап өтті ҚР туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Маңғыстау облысы әкімдігінің деректері бойынша биыл өңірге 215 мыңға жуық турист келген. Былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда келушілер саны 9,5%-ға артқан. Туристік салада көрсетілген қызмет көлемі 6,5 млрд теңгеге жетті. Соңғы 2 жылда облыста қонақүйлер мен демалыс орындарын салу бойынша төрт ірі инвестициялық жоба іске асырылды. 2025-2027 жылдары туризм саласында 12 жобаны іске қосу жоспарлануда.
«Маңғыстау облысындағы туристік әлеуеттің одан әрі даму перспективасы айтарлықтай зор. Ол үшін өңірде теңіз, таңғажайып пейзаждар, тарихи ескерткіштер мен киелі орындар бар. Сапалы серпіліс үшін инфрақұрылымды дамытып, инвестиция тарту және жаңа нысандар салу қажет. Тиісті министрліктер мен әкімдікке бұл мәселелердің барлығын ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын», — деп атап өтті өңірге жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласынан Түрікменстан елінің шекарасына дейін апаратын жол жөнделмек. «Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы» автожолының жалпы ұзындығы – 229 шақырым. Бұл жоба Кендірлі курорттық кентінің және Маңғыстау облысының туристік әлеуетін одан әрі дамытуға ықпал етпек.