Жаңалықтар

Пойызда Ұлттық ұлан сарбазын ұрып-соққан күдіктілер Астана қаласында ұсталды

Ұлттық ұлан сарбазына әлімжеттік көрсеткендер тергелуде/ Коллаж kursiv.media

Пойыз тамбурында Ұлттық ұлан сарбазына әлімжеттік көрсеткен күдіктілердің қайда орналасқаны анықталды. Бұл бағытта қылмыстық іс шеңберінде жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілді. Бұл жайында Polisia.kz жазды.

«Жәбірленушіге дене жарақатын келтірген екі күдікті, оның бұрынғы қызметтестері тұрғылықты жері бойынша бір тәулік ішінде Астана қаласында ұсталды. Екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында барлық күдіктіден жауап алынды. Олардың әрекеттеріне, соның ішінде бейнетүсірілім жасаған адамға да құқықтық баға беріледі», – делінген хабарламада.

Жәбірленушіге қысым көрсеткендерге қатысты тергеу әрекеттері жалғасады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пойыз тамбурында Ұлттық ұлан сарбазын соққыға жыққандарды анықтап, Ішкі істер министріне кінәлілерді жазалауды тапсырды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. Бұған дейін әлеуметтік желіде сарбазды ұрып жатқаны таспаланған видео тараған.

Ішкі істер министрлігі видеодағылардың жеке басы анықталғанын, бұл жайт 2023 жылдың күзінде орын алғанын хабарлады. Әскери борышын өтеп, запасқа шыққан мерзімді әскери қызметшілер сарбазды ұрған. Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Әскери салада әлімжеттік тыйылмай тұр. Әскерде жүріп бас-миы жарақаттанған сарбаз Ербаян Мұхтар емделу үшін  Германияға арнайы санавиациямен жеткізілетін болды. Аягөзде бір әскери қаза болды. Офицер Қызылордадан осы әскери бөлімге жақында ғана келген.